Солтүстік Қазақстандағы «Бескөл» құс фабрикасында 41 мың құс қырылып қалған

22.09.2020 01:20

Бұдан бөлек 5 облыста эпизоотиялық жағдай мәз емес

almaty.tv

Бүгін Қазақстан бойынша құс тұмауынан құстардың қырылуы 47 елдімекенде тіркелген. Ол туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлімдеді. Оның сөзінше, жеке шаруашылықтарда 13 мыңға жуық құс өлген. Ал, Солтүстік Қазақстан құс фабрикасында 41 мың құс қырылып қалған. Бұдан бөлек 5 облыста эпизоотиялық жағдай мәз емес. Толығырақ Almaty.tv тілшіcі Асылбек Тойбек тарқатады.

Елімізде құс тұмауы өршіп барады. Бүгінгі күнге Солтүстік Қазақстанда құс өнімдерін сыртқа шығаруға тыйым салынған 7 ауданның қатарында Тимирязев, Жамбыл, Қызылжар, Тайынша, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов және М.Жұмабаев аудандары бар. Эпизоотиялық жағдай Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарында да тіркелді.

«19-21 қыркүйек аралығында «Бескөл» құс фабрикасында 41 мыңға тарта құс қырылды. Ақмола облысы туралы айтар болсақ, 5 ауданның 9 ауылында құстың қырылу фактісі тіркелді. Жалпы 286 құс өлді. Тиісінше 19 қыркүйектен бастап Ақмола облысының Жарқайың ауылдық округінен құс өнімдерін сыртқа шығаруға уақытша тыйым салынды. Одан бөлек, Қостанай облысының 6 ауданында осындай жағдай тіркеліп, ол жақтарда 505 құс қырылды», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева.

Індетпен күреске Ауыл шаруашылығы вице-министрі арнайы вакцина бөлінгенін атап өтті. Республикалық қордан 1,4 миллион доза көлемінде вакцина қарастырылыпты. Бұл 1,7 миллион құсқа вакцина салуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ертең тағы қосымша 1 миллион екпе жеткізілетіні белгілі болды. Ал, өлген құстардың иелеріне өтемақы төленеді.  Аталған ауру адамдарға жұға ма деген сауалға Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев былай деді:  

«Вирус адамнан адамға жұқпайды. Адамдардың құстардан жұқтыру жағдайы да өте аз кездеседі. Мұндай жағдай тек қана ауру құспен тікелей байланысқа түскен кезде ғана орын алуы мүмкін. Құс өнімдерінен тұмаудың берілуі тіркелмеген. Адамдар арасында құс тұмауын жұқтырғандар жоқ».

Қазір тұмау жұқтырған құстармен қарым-қатынаста болған 400-ге жуық адам медицина қызметкерлерінің бақылауында. Сонымен бірге, құс тұмауының тіркелуіне байланысты Қазақстан аумағында құс еті мен өніміне, сауда орындарында бақылау күшейтілді. Ветеринарлық анықтамалар мен құжаттар қатаң тексерілуде. Еске сала кетейік, тамыздың соңында Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейдің Омбы облысынан тірі құстарды, құс өнімдерін және онымен байланысты өнімдерді Қазақстанға әкелуге шектеулер енгізген болатын.

Асылбек Тойбек