Қиғаш өзенінің іргесіндегі Бөкейхан ауылының халқы суға жарымай отыр

07.06.2023 01:22

Биліктің таза су тартып береміз деп уәде еткеніне 20 жылдан асқан

Almaty.tv

Қиғаш өзенінің іргесіндегі Бөкейхан ауылының халқы ауыз суға жарымай отыр. Биліктің таза су тартып береміз деп уәде еткеніне 20 жылдан асты деген Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғындары әлі күнге дейін шелектеп су таситынын айтып бас көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Тұрғындардың айтуынша, атқамінерлер қол созым жердегі өзеннен су тартып беруге қауқарсыз. Ал жауаптылар жағдайды біле тұра, оны шешуге асықпайтын көрінеді. «Жоба түзетуде жатыр» деп оңай құтылған.

Атырау облысына қарасты Бөкейхан ауылының іргесінде Қиғаш өзені ағып жатыр. Бірақ ондағы халық ауыз суға зәру. «Жергілікті билік қол созым жердегі өзеннен су тартып беруге жарамай отыр» деп ренішін білдірген тұрғындар мәселенің талай жылдан бері қордаланып келе жатқанын айтады.

«2017-2018 жылдары 517 млн теңге ақша бөлінді. Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов бөлінген қаражатқа су тартылады деген. Қазір аудан әкімі де, су да жоқ. Ақша қайда кетті?» – дейді Бөкейхан ауылының тұрғыны Якоб Исмағұлов.

Шалғайдағы жұртты алаңдататыны – жобаны аяқтау мерзімінің сағызша созылып кеткені. Олар бөлінген қаржының қайда кеткенін таппай, ауыз сусыз қаламыз ба деп қорқады. Ауылда 400 үй бар, 2 мыңға жуық халық тұрады. Бір отбасы бір айда 12 мың теңге төлеп, құдыққа 3-4 рет су құйғызады. Көпшіліктің сұрауына аудан басшылығы әдеттегідей жауап берді. «Жоба түзетуде жатыр».

«Қазір біз жол жасап жатырмыз. Су тартуға мүмкіндік жоқ. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаға өзгеріс енгіздік», – деді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Марат Хасанов.

Құны 700 млн теңге тұратын жоба осылайша түзетулермен әлі аяқталмай келеді. Ал қазылған құдықтар қоршаусыз, ашық жатыр. Шенеуніктер тек келер жылдың аяғында ғана халыққа су берілетінін айтып сендірді.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы