«Асыл арман» тұрғын үй кешені Алматы аумағына қосыла ма

Almaty.tv
Almaty.tv
30 мыңға жуық тұрғыны бар мекеннің халқы жанайқайымызды билік басындағылар естісе дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Асыл арман» тұрғын үй кешені Алматы аумағына қосылуы керек». Қала іргесінде орналасқан бұл кешеннің тұрғындары осындай талап қойып отыр. Олардың айтуынша, жұрт қымбат коммуналдық төлемдерден, баланы шалғайдағы балабақша мен мектепке тасудан шаршаған. 30 мыңға жуық тұрғыны бар мекеннің халқы жанайқайымызды билік басындағылар естісе дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

  

Алматы іргесіндегі «Асыл арман» кешенінде 21 тұрғын үй болса, онда 30 мыңға жуық адам тұрады. Оның басым бөлігі – кішкентай бүлдіршіндер мен мектеп жасындағы балалар. Бірақ бала саны көп болғанымен, мұнда мемлекеттік не балабақша, не мектеп жоқ. Сондықтан да жұрт балаларын көрші ауылдарға тасып, екі ортада сабылуға мәжбүр.

«Балабақшаға бермей отырмын. Себебі бұл жерде мемлекеттік балабақша жоқ. Аурухана мәселесінің жағдайы мүлдем мүшкіл. Мұнда тек педиатр мен терапевт отырады. Тиісті мамандардың бәріне Қаскелең мен ГРЭС-ке жібереді», - дейді «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Ақнұр Оралханова.

Сондықтан да жұрттың көп жағдайда ақылы дәрігерге баруына тура келеді. Ал оған бәрінің қалтасы көтермейді. Тұрғындардың айтуынша, кешен маңында былтыр мектептің құрылысы басталған. Алайда белгісіз бір себептермен құрылыс тоқтап қалыпты.

«Менің немерем 7-сыныптың оқушысы. Алдында Іргеліге барып оқыды. Енді қазір Кемертоғанда мектеп ашылып, сонда оқып жүр. Біздің мектепті жөндейді деген, бірақ қазір еш жөндеу болып жатқан жоқ», - дейді «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тағы бір тұрғыны Гүлшара Құсайынова.

Бұдан бөлек, ел мұнда коммуналдық тарифтер тым қымбат дейді. Мәселен қалада кәріз үшін бір текше метрге 25-30 теңге белгіленген болса, мұнда 120 теңге төлеуі керек. Заңсыз сауда, тұралап тұрған жол құрылысы да халықты әбден мезі қылған. Сондықтан да мұндағы бұқара кешеннің қала аумағына өткенін қалайды. Сол кезде тұралаған түйткілдер шешіліп, тұрмысымыз оңалады деген үмітте.

«Биліктегілер, әкімдіктер мен Үкіметіміз бізді естісе, он жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелерімізге назар аударса екен дейміз. Бізді қалаға ауыстыратын болса қанша күтуіміз керек? Осыны нақты білгіміз келеді. Егер Алматы аумағына кіретін болсақ онда жағдайымыз жақсарады деп ойлаймыз», - деді «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Алмас Қалиев.

Елдің қанша күтуі керек екенін, жалпы кешеннің қалаға өтуі не өтпеуін біз нақты айта алмаймыз деп қысқа қайырды жергілікті әкімдіктегілер. Өйткені бұл мәселе республикалық деңгейде қаралады. Ал былтыр құрылысы тоқтап қалған мектеп биыл жыл соңында қолданысқа беріледі. Жанынан балабақша салу жоспарда бар екен.

«Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты қайта санау жұмыстары жүргізілуде. Уақытша тоқтап тұр. Қайта санау жұмыстары аяқталғаннан кейін міндетті түрде жалғасын табады. Балабақша болса, оған жер телімі алынды. Құрылыс жұмыстары қашан басталады, оған қаражат бөлінген жоқ әлі», - деді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Өміржан Әбсаматов.

Әкімдіктегілер кешен жекеменшікте болғандықтан, оның коммуналдық төлемдеріне де араласа алмаймыз дейді. Ал Алматы қаласының бас жоспарын жасайтын ғылыми-зерттеу компаниясының берген ақпарынша, алдағы жылдары қалаға өзге ауданды қосу туралы жоспар жоқ. Енді халықтың бұл талап-тілегі орындалу үшін облыстық әкімдік Үкіметке ұсыныспен шығуы тиіс. Тек содан кейін ғана мәселенің күрмеуі шешілуі мүмкін.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров