Ағайынның арманына 10 жылдан асып кеткен
Таразда ауыз су проблемасы өзекті болып тұр. Себебі 28 саяжай мен 7 шағын аудан әлі күнге дейін таза ауыз суға жарымай отыр. Қала құрамына еніп, мәселеміз енді шешіле ме деген ағайынның арманына 10 жылдан асып кеткен. Құдығы құрғаған қалалықтар амалсыз жан бағу үшін ұрлыққа баруға мәжбүр. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает бұқараның басты проблемасын тыңдап қайтқан еді.
«Жан бағу үшін жағымсыз іске барамыз». Осылай деген «Лето» тұтыну кооперативінің тұрғындары тіршілік нәрінен тарыққандықтан ұрлық жасайтындарын жасырмады. Жақын жердегі «Жамбыл су» стансасынан тазартылмаған суды тасып ішуге мәжбүр. Әрі тиісті мекемеден рұқсат та жоқ.
«Қалалық су арнасы естіп қалмасын, олар естісе, ертең жауып тастайды, ешқандай су алынбасын дейді. Сол кезде бәрі сусыз отырады», – деді қала тұрғыны Ерік Сейітмұратов.
«Үйде қария кісілер бар, немерелеріміз бар, бәріміз халық болып мына су арнасынан су тасимыз. Кешке дейін біреудің денсаулығы бар, біреудің денсаулығы жоқ, бәрі көтере бермейді су тасуға», – деді қала тұрғыны Гүлбағира Әбдіраманова.
Бұған дейін мұндағы жұрт құдықтан су ішіп келген. Дегенмен кейінгі жылдары жер асты сулары тым төмендеп кеткен көрінеді. Ал, тағы төмен қазуға қаржы мен тастақты жер кедерді болып отыр дейді.
«Құдықты қазып жатырмыз, шықпайды. Су деңгейі төмен түсіп кеткен. СКЛ су қазатын трактор келіп қазып еді, кеше көршімді,150 мың деп еді. Енді келмейміз бұл ауданға. Бұл ауданда су қазып шығару өте қиын. Қазатын тракторымыз сынып қалды. Бұл жаққа келуге мүмкіншілік жоқ деп жатыр», – деді қала тұрғыны Қызғалдақ Жібекова.
Ал, қала әкімдігі станциядан су тасып ішу заңсыз дейді. Себебі зерттелмеген тіршілік нәрі денсаулыққа зиян болуы мүмкін деген пікірде. Жауапты мамандар бұл мәселе тек бір ғана аумақта емес екенін айтуда.
«Ол енді үлкен аумақ. 28 саяжай деген оңай емес. Бір-бірінен алыс орналасқан. Сондықтан ол жерге бөлек су алғыш соғу керек. Ол жерде енді жаңа массивтар болады. Жаңа су алғыш керек. Ол бірақ өтпелі құрылыс жоба болады», – деді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы.
Таразға қарасты 30 дан аса елдімекенге ауыз су қосылмаған. Бұл дегеніміз кемі 30 мыңнан аса тұрғын таза суды тиісінше тұтына алмай отыр деген сөз. Ал, жергілікті билік барлық аумаққа құбыр тарту үшін 1 млрд теңгеден аса қаржы керегін айтады. Әкімдік әмиянына ауырлық қылатын ақшаны республикалық бюджеттен сұрап отыр. Әзірге жауаптылар құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр екен. Тиісінше жұмыстар мақұлданса ғана басталады. Сондықтан халықтың тағы күтуден басқа амалы жоқ.
Мерей Бает, «Алматы» арнасы, Тараздан