ТЖ: «Жасыл дәліз» арқылы азық-түлік тасу бойынша бірқатар кедергілер бар

03.04.2020 03:16

Мәселенің туындауына себеп – жеке кәсіпкерлердің өздері

«Жасыл дәліз» арқылы азық-түлік тасу бойынша бірқатар кедергілер бар. Мәселенің туындауына себеп –  жеке кәсіпкерлердің өздері, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бірінің құжаттары дұрыс рәсімделмеген болса, енді бірінің келісішарттары толық емес. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған ақпарат орталығына осы сынды сұрақтар көптеп түсетін көрінеді. Сәйкесінше, мамандар құзырлы органдарға хабарласып, мәселені тез әрі еш кедергісіз шешіп беруіне көмектесуде. Сондай-ақ,  қаладағы дүкендерді уақытылы тағамдармен қамтамассыз ету үшін алдағы күндері кәсіби курьерлерді тарту жұмыстары да қолға алынбақ.

«Қалада 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында күшейтілген төтенше жағдайдың орнағаны белгілі. Осы тұрғыда азық-түлік тасушы жеке кәсіпкерлерлерден сұрақтар көптеп түсіп жатыр. Себебі қазір қала аумағынан шығу және кіру де қатаң түрде тексеріліп жатыр. Қазіргі таңда әкімдіктің қабылдаған «жасыл дәліз» жүйесі бойынша кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кәсіпкерлер тарапынан салық төлеу уақытын кейінге шегеру және банк қызметтерін алу бойынша да сұрақтар көптеп түсуде. Барлық мәселені шешу үшін жұмыстар жүргізілуде», – деді қалалық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әкімшілік бөлімінің басшысы Нариман ИБРАГИМОВ.