Белсенділер сауда кешеніндегі зообақта шу шығарды

16.01.2020 01:22

Зооқорғаушылар елімізде тиісті заң жоқ екенін айтады

Жануарларды азаптауға жол жоқ! Бүгін белсенділер сауда кешені ішіндегі зообақтардың біріне барып, шу шығарды. Сөздерінше, хайуанаттар бағындағы жағдай жан түршіктіреді. Ондағы жануарлар сырлы тастың үстінде жатыр. Аңдарға мүлде күн көзі түспейді екен. Ал жыртқыш аңдарды торға қамауды бизнеске айналдырған кәсіпкер жалған жаба жабылды деп басын ала қашты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіде танымал блогер жантүршігерлік жағдайды көріп, осылай әнге қосқан. Содан кейін бүгін бір топ белсенді жануарларды көруге өздері келді. Олар «тас еденде, тар қапаста жатқан аңдардың күйі аянышты» дейді. Сондықтан, жануарларды қинамай, зообақты жабуды талап етіп отыр. Сауда кешендерінің бірінде орналасқан зообақ иесі басқалардан ерекшеленгісі келсе керек. Хайуанаттар бағының келушілеріне жыртқыш аңдарды қолмен ұстап, жақыннан көруге жағдай жасапты.

«Өзіңіз ойлаңызшы, жыртқыш аңдар сауда кешенінің үшінші қабатында жатыр. Онда ауа да, жарық та, терезе де жоқ. Жануарлар кафельде жүреді, сонда ұйықтайды. Таңғы 10-нан бастап кешкі уақытқа дейін адамдар мазасын алады. Сипайды, суретке түседі, олармен ойнайды. Келушілерден тығылатын жер де жоқ», - дейді зооқорғаушы Евгения МАМАЕВА .

Бірақ кәсіп иесі Дмитрий Царук сауда ішіндегі зообақта жағдай жақсы деп есептейді. Жануарлардың қарны тоқ, дендері сау және тиісті екпелерді уақтылы алып отырады. Тіпті әр үш ай сайын ветеринарлар келіп, тексеріп кетеді деп ақталды. Алайда тиісті рұқсат құжаттарын көрсете алмады. Тек соңғы рет келген кезде вольерлер ішін жануарларға ыңғайлы етіп жасауды тапсырыпты. Хайуандарды тас еден үстіне жатқызуға болмайтынын ескерткен. Бірақ ұсыныстарды дұрыстауға уақыт керек дейді.

«Қазақстанда жануарларға қол тигізе алатын зообақтар бар. Бірақ бізде жыртқыш түрлері болғандықтан дүрлігіп отырсыздар. Біздің зообақта жабайы табиғаттан келген жануарлар жоқ. Керісінше, олар ондай жағдайда өмір сүре алмайды. Иә, оларды ұстау жағынан олқылықтар кетті. Ұсыныстарды жақын арада орындаймыз», - деді зообақ директоры Дмитрий ЦАРУК.

Ал белсенді топ жануарларды торға қамап, содан пайда тапқысы келген зообақ директорының айтқанына құлақ аспады. Олардың пікірінше, аңарды қолға ұстауға болатын мұндай хайуанаттар бағының көзін жою қажет. Мәселен, ұлымен келген алматылық Оксана Батаева өткен жылы

Атакент Mall-дағы жабылып жатқан зообақтан теңіз шошқасын асырап алған. Сол кезде кішкентай аңның хәлі мүшкіл еді дейді.

«Әлеуметтік желіден жағдайды көргенде жаным ашыды. Оны балаларға көрсетпедім. Аңдарды қолға алу үшін ақша төлейтін ата-аналарды түсінбеймін. Қараңыздар, бұл біздің құтқарып алған теңіз шошқасы. Алған кезде жағдайы өте нашар еді. Арық, құр сүлдері қалған болатын», - деді Оксана БАТАЕВА.

Зооқорғаушылар елімізде тиісті заң жоқ екенін айтады. Ал, Ресейде мұндай кәсіпке талап күшейтілген көрінеді. Біздің елде жануарларды жинап, торға қамап, кәсіп ашатындар көбейген.  

«Кішкентай жолбарыс, арыстан егер көрсеңіздер. Олар 2-3 айдан кейін дәу жолбарыс дау жабайы аң болады. Оларды ұстауға болмайды.Ешкім оған көңіл аудармайды. Зоопарктің иелері ойланбайды. Ойларында ақша», - деді САБИНА АЙДАРБЕКОВА

Әзірге сауда ішіндегі зообақтың тағдыры қалай болатыны белгісіз. Бірақ зооқорғаушылар жануарлар баспанасыз қалмайды дейді. Оларды жайлы орынға орналастыруға дайынбыз деп тарқасты.

Жадыра Омаржан, Анастасия Яцун, Рәшид Шукуралиев, «Алматы» телеарнасы

Теги: жалоба