Алаш мектебінің ұстазы Сейіт-Баттал Мұстафин жайлы не білеміз

02.06.2020 01:23

Тарихтағы мұндай тұлғаны бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейді

almaty.tv

Өткен ғасырдың бас кезінде шетелден білім алып келіп, ғұмырында қазақ балаларының сауатын ашумен айналысқан азаматтардың бірі – Сейіт-Баттал Мұстафин. Тарихтағы мұндай тұлғаны бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Ағартушылықпен қатар түрік тіліндегі шығармаларды қазақшаға аударған арда азамат та 1937 жылы репрессияға ұшыраған. Алаш мектебінде еңбек еткен ұстаз туралы қызықты деректерді артында қалған жалғыз қызы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Надия Батталова әкесі Сейіт-Баттал Мұстафинді өте мейірбан адам еді деп еске алады. Надия апаның айтуынша, Сейіт-Баттал Мұстафин 16 жасында талаптанып, білім іздеп, 1908 жылы Түркияның Стамбұл қаласына аттанады. Сол жақта гимназияда 5 жыл оқыған ол 1913 жылы елге оралып Семейге кетеді. Онда Алаш партиясының мектебіне қызметке кіріп балаларға қазақ тілі мен физика пәндерінен сабақ береді. Сейіт-Баттал Мұстафин 1932-33 жылдары елді ашаршылық жайлаған кезде далада тентіреп қалған балаларды жинап үйге әкеледі екен. Анасы оларды жуындырып, тамақтандырса, әкесі жетімдерді оқуға баулып, талайының сауатын ашыпты.

«Сол мектепте Байтұрсынов, Әуезов бәрімен бірге жұмыс істеді, бәрі сабақ берген. Біздің әкей бір жағынан ауылға барып ылғи жетім балаларды, оқи алмай қалған балаларды алып келіп, сол Алаш мектебіне орналастырған», – деді Сейіт-Баттал Мұстафиннің қызы Надия БАТТАЛОВА.

Сейіт-Баттал Мұстафин 1933-1937 жылдары Степняк қаласында мұғалім болып жүреді. Сол кезде сәуір айында НКВД-ның адамдары келіп тұтқындап алып кетеді.

«Алып кетерде «ой мы допросим и отправим» деп бізді алдады. Түскі ас уақытында шешей екеуін алып келді жұмыстан. Сонда тамақ ішпеген. «Сен тамақ ішсейші» деп сөйдеді әкейге. Әкей өмірі олай жұртқа қарағанын көрген емеспін. Біртүрлі қарады, анаған бола ма, рұқсат па дегендей...», – деді Сейіт-Баттал Мұстафиннің қызы Надия БАТТАЛОВА.

Содан кейін Сейіт-Батталды жары Үміш пен қызы Надия көрмепті. Талай тергеу изоляторының есігін қағып барса да, әкесімен бір жүздесу арман болған.  Тергеушілер үйдің бәрін астаң-кестеңін шығарып, бар құжат пен кітап, қағаздарын жиып алып кетеді. Асылдың сынығы Надия апа әкем қазақ-түрік аудармасымен де көп айналысты дейді. Тіпті сол кездері бірнеше кітабы шыққан. Алайда біразы жойылған. Семейде Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовпен бірге «Абай» журналын шығарысып, «Алаш» газетінің де жұмысына белсене атсалысады. Сейіт-Баттал Мұстафин «халық жауы» деген айыппен Қызылжарда атылып, 1958 жылы ақталған.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы