Алматы қаласында бүгінде 119 мың бақылау камералары жұмыс істейді
Қабылдауға жазылған 74 тұрғынның дені қылмыстық істің тергелуіне көңілдері толмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері халыққа жақын болса деген ұсыныстарын да жасырмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бұл кісілер мені адам құрлы көрген жоқ. Қарсы жақтың адамдарын шақырып алып солармен сөйлесті. Не істерімді білмеймін. Өзім жалғызбасты адаммын», - деді келгендердің бірі.
Оған Алматының бас полицейі Әуезов ауданының прокуратурасына арыз жазуға кеңес берді.
Тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында Алматы қаласында қазіргі таңда 119 мың бақылау камералары жұмыс істейді. Қала бойынша тұрғын үйлердің 27 пайызына бейнекамерлар орнатылыпты. Соның нәтижесінде шаһарда соңғы бес жылда қылмыс 37 пайызға азайып, пәтер ұрлығы үш есеге төмендеген. Тіркелетін қылмыстың 70 пайызы ұрлық екен. Сонымен қатар қала тұрғындарынан алаяқтарға алданып қалу фактісімен арыз-шағым жиі түсетін көрінеді.
«Көбінесе қылмыстық істің тергелуі, үй мәселесі, көршілер араздығы және жол апаты қаралып жатыр. Соның бәрін дұрыс шешіп, келген адамдар риза болсын деп жатырмыз. Қазіргі уақытта кейбір құжаттар жоқ болса сұрап, қайтып шақырып, мәселені шешіп жатырмыз», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Серік КҮДЕБАЕВ.