«Жер сілкінісін зерттейтін мамандардың жағдайын көтеру керек». Алматыда ғылым қызметкерлері күніне орай Сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының ғалымдары мен Мәжіліс және мәслихат депутаттары жиналып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар алдымен халық қалаулыларына «Медеу» сейсмо-стансасының әлеуетін таныстырып, жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді көрсетті.
– Республика аумағындағы сейсмикалық белсенділіктерді үздіксіз бақылап отырмыз. Елімізде 70 сейсмо-станса мен 25 бақылау пункті бар. Атап өтейік, біздің мекеме сейсмо белсенділікті бағалаумен айналысады, демек 100 пайыз кепілдікпен, қашан, қайда, қандай күшпен сілкіністер болжамын жасай алмаймыз. Әлемде әлі ондай технология жоқ. 2022 жылдан бері Алматы әкімдігі тарапынан ғылыми орталыққа демеу көрсетіліп, 35 миллион теңге бөлінді және 2 жабық стансаның жөндеу жұмыстары жүріп, 500 миллион теңгеге жаңа құрылғылар алынды, – деді Сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев.
Жиынның екінші бөлігінде сейсмологиялық бақылау орталығының ғалымдары депутаттарға салада көптен шешімін таппай келе жатқан түйткілдерді ашып айтты. Оның бастысы – ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржының жеткіліксіздігі мен мамандар тапшылығы. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек біршама маңызды мәлімдемелер жасап, Құрылыс кодексіне өзгерту енгізу керек екенін айтты. Халық қалаулысының бастамасымен алдағы уақытта Алматыдағы сейсмология институты Ғылым және жоғары білім министірлігінің қарамағына өтуі мүмкін.
– Сейсмология институтын Ғылым министірлігіне ауыстырса, бұл – үлкен жеңіс. Себебі бұл шешімді ұзақ жылдар бойы сейсмологтар күтіп отыр. Біріншіден, ғылыми институт, ал сейсмологтар – ғалымдар. Екіншіден, сейсмологтардың қаржыландыру жүйесін өзгерту керек. Парламент Мәжілісінде министр маған сөз берді, 3 млрд теңге көлемінде ғылыми бағдарламаны көздеп отыр. Сол 3 млрд теңге қазір 2 млрд 600 миллион теңге болды, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.
Оқи отырыңыз: Алматы мәслихатының депутаттары коммуналдық қалдықтың түзілу және жинақталу нормасын бекітті