Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың саны 2 есе өскен

03.06.2022 02:54

Ел аумағында 1450 адам сенім телефонына хабарласып, түрлі көмек сұраған

Almaty.tv

Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың саны 2 есе өскен. Ел аумағында 1450 адам сенім телефонына хабарласып, түрлі көмек сұраған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айбара Ғазиз 4 жыл бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Тағдырдың қиындығына мойымаған кейіпкер – 5 баланың анасы. Ол психологиялық қиындыққа қарамастан, бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

«Психологпен жұмыс жасағаннан кейін, менің өзімде де намыс ояна бастады. «Мен бұл жерде жатуға міндетті емеспін, тіршілік істеуім керек» деп 40 мың теңгеге кішігірім машинкамды алып сол жерде жастық, көрпе тігіп, ақша жинадым. Қазіргі таңда менде екі компания бар, оны мақтанышпен айтамын. Әсіресе, көпбалалы аналармен жұмыс жасаймыз», – деді кәсіпкер Айбара Ғазиз.

Айбараның аяқтан тік тұруына дағдарыс орталығы тікелей сеп болған. 8 бағытта көмек көрсетіп, әлеуметтік қолдау жасайтын мекеменің ашылғанына биыл 5 жыл толып отыр. Мерейлі күнде бас қосқан мамандар өз қызметтерін қоғамның жақсаруына үлес қосатыны үшін жақсы көреді, құлшынып істейді.  Соңғы 5 жылда олардың көмегіне 4000-нан астам адам жүгініпті. Олардың бәрі – отбасылық түсініспеушіліктің құрбандары.

Әйелдердің тағдыры әртүрлі.  Бірақ бәрін бір нәрсе біріктіреді. Ол – зорлық-зомбылыққа қарсы ерік-жігер, тағдыр салған тезге көнбеу, тура жол таба алу. Ал бұл жолда оларға жанға сая болған орталық көмектескен.

Мерекелік іс-шараға бір кездері орталықты пана тұтқан аналар да қатысты. Көпшілік үшін қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды. Келгендерді кері қайтармай, керісінше қол ұшын созатын мекеменің өзі кемі 50 адамға арналған. Бірақ мамандар ай-апталап, кейде күн сайын жаңа оқиғаның куәсі боламыз дейді.

«Стандартқа сәйкес, келіп түскен әйелдер бізде 6 ай аралығында тұруға мүмкіндігі бар. Бірақ әр келген әйелдің өзінің жеке жағдайына байланысты мерзімді бекітеміз», – деді әлеуметтік қызметкер Зүлфия Омарова.

2017 жылдан бастап «Жан-сая» дағдарыс орталығын 867 бала мен 474 әйел пана еткен. Ал жалпы сенім телефонына хабарласып, қол ұшын созуды сұрағандардың саны көп. Соңғы 5 жылда мұндай 1341 адам баспанаға орналасып, 719-ы заңгерлік кеңес алса, психологтың көмегіне жүгінген 2082 жағдай тіркеліп отыр.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы