Сонымен қатар 16-дан астам түйе өлген
Атырау облысында қарақұрт қаптап кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соның салдарынан ірі қара қырылып, тұрғындар жаппай ауруханаға түсіп жатыр. Күні бүгін қауіпті зиянкес 100-ден аса түйені шаққан.
Сондай-ақ 10 адамға зиянын тигізген. Қазір жағдай әсіресе, Көктоғай, Елтай және Бөдене ауылдарында ушығып тұр. Ең қиыны, ветеринар дәрігерлер де күн ысыған сайын қарақұрттың уы күшейе береді деп дабыл қағып жатыр.
Бірнеше күннен бері дабыл қағып, көмек сұраған ауыл тұрғынының бірі – Сағат Сатқанов. Азаматтың айтуынша, қазір жағдай күрделі. Зиянкес қаптап, ірі қара түгілі, адамға да шауып жатыр дейді. Қазір ауыл ішінде аяқ алудың өзі қиын, өйткені дала түйенің өлекселеріне толып жатқан көрінеді. Ал аудандық әкімдіктегілер әлі күнге дейін қол қусырып отыр деп ашулы.
«Мал ұстап отырған азаматтарға қиын болып кетті. Қазіргі жағдайда түйеге өте қиын соғып тұр. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Жергілікті басшыларға айтқанымен, қолданып жатқан шара жоқ», – дейді ауыл тұрғыны Сағат Сатқанов.
Бүгінге дейін 124 түйені қарақұрт шағып, оның 16-ы өлген. Қалғанын азаматтар емдеп жазыпты. Өкініштісі, қарақұрт тек ойсылқара тұқымына ғана емес, жылқы мен сиырға да зиянын тигізіп жатыр.
«Қарақұрт шаққан малды жедел түрде ветеринария мамандарына хабарлап, емдік шарасын тездетіп алуды сұраймыз. Былтырғы көрсеткішке қарағанда биылғы көрсеткіште қарақұрт шағу қаупі өте жоғары қарқынды көрсетіп отыр», – дейді Индер аудандық ветеринариялық станция басшысының орынбасары Ержан Әбішов.
Ветеринария бөліміндегілер егер зиянкестер көбейсе, ауданда төтенше жағдай жариялануы да мүмкін дейді. Биыл облыс бойынша зиянкестермен күреске жергілікті бюджет есебінен 56 млн теңге бөлінген еді.
Оқи отырыңыз: Астаналық өрт сөндірушілер өрт ортасында қалған киіктің лағын құтқарып қалды