|
28.03.2023 | 20:24
5631

Астанада жаңа көпқабатты үйдің тұрғындары ауыз суға зәру

Тұрғындар осыдан 3 ай бұрын ғана қоныс тойын тойлаған еді

Астанада жаңа көпқабатты үйдің тұрғындары ауыз суға зәру Almaty.tv

Астанада жаңа көп қабатты үйдің тұрғындары суға жарымай отыр. 450-ден астам пәтер иелері қыс бойы тіршілік нәрінен тарығып шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындар осыдан 3 ай бұрын ғана қоныс тойын тойлап, осылай жиналған еді. Бұл жолғы басқосуларының жөні бөлек. Шаңырақ шаттығына бөленген халықтың қуанышы көпке созылмай сейілді. Себеп – ауыз су тапшы.

«Байтұрсын ЖК-ға көшіп келгенімізге 3 айдан асты. "Комфорт класс" деп алдық қой. Бірақ сапасы сын көтермейді. Өте нашар салынған. Қазіргі проблемамыз су болып тұр. Құдайдың құтты күні су өшеді. Қазір Рамазан айы қиын боп кетті», – деді қала тұрғыны Ғалия Омарбекова.

Тұрғын үй кешені бір қарағанда-ақ көздің жауын алады. Жап-жаңа баспаналардың сырты бүтін болғанымен іші әлі бүтінделмей тұр. Қыс басталғалы халық жылу мен жарықтың дұрыс берілмеуінен әбігерге түсіп еді. Енді «КОМФОРТ +» деп таңдап жүріп алғанда тіршілік нәрінен тарығып қалды.

«Қыстан бері көрген күніміз осы. Күн суықта жылумен басымыз қатып келген. Оның арасында жарық өшіп қалады. Жаңа үйге қоныстандық дегенде мәселе бітпей қойды. Енді міне сусыз отырмыз. Күндіз бәріміз жұмыстамыз, қолымыз да тимейді. Кешке үйге келгенде су жоқ. Шешілмейтін мәселе болды», – деді қала тұрғыны Аягөз Қасымжанова.  

Тұрғын үй кешеніндегі ауыз суға жауапты мекеме – Astana Su Arnasy. Компания өкілдері бұл мәселені қаладағы су тапшылығымен байланыстырды. Шаһар тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған жаңа сорғы-сүзгі стансасы қолданысқа берілмейінше, бұл мәселенің шешілмейтінін жасырмады.

«Astana Su Arnasy  қала халқының саны күрт өскенін атап өтті. Құрылысы қарқынды жүруіне байланысты су тапшылығы пайда болды. Мәселені шешу үшін шұғыл шешім қабылданды. 2021 жылы сорғы-сүзгі стансасының құрылысы басталған. Ол қолданысқа осы жылдың жазында беріледі. 1-2 айда судың мәселесі шешіледі», – деді мердігер мекеме өкілі Айдос Исраилов.

Астаналықтарға ауадай қажет болған жаңа сорғы-сүзгі стансасы биыл жазда қолданысқа беріледі. Әкімдік ақпарынша, нысан құрылысы 2021 жылдың күзінде басталыпты. Қуаттылығы тәулігіне 105 мың текше метр. Жоба сәтімен жүзеге асса, тіршілік нәрінен тарыққан халықтың бір түйткілі шешімін табар еді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында қырдан аққан қызыл су жолды шайып кетті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир