|
10.02.2022 | 21:36
1044

Баламды тартып ала ма деп қорқамын – жалғызбасты ана көмек сұрайды

Жалғыз өкпемен тыныстайтын келіншектің жұмысқа тұруы өте қиын екен

Баламды тартып ала ма деп қорқамын – жалғызбасты ана көмек сұрайды Almaty.tv

«Далада қалсам, баламды алып қоя ма деп қорқамын». Алматыда бір өкпесі жұмыс істемейтін жалғызбасты ананың тағдыр тауқыметін тартып келе жатқанына 15 жыл болған. Екі ұлды тәрбиелеп отырған 40 жастағы әйел нәпақасын да әрең тауып жүр екен. Өйткені жұмысқа тұруына кедергі көп. Басты себеп – оған осыдан 18 жыл бұрын қойылған қорқынышты диагноз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

    

Аумағы 12 шаршы метр ғана болатын бұл сарайшықта Арай Бақытқызы өзінің 8 жасар ұлымен күн кешуге мәжбүр. Олардың айтуынша, 15 жыл бойы жүк салған қораптарын өздерімен бірге тасып, пәтерден пәтерге көшіп жүреді екен. Мұнда көшіп келгеніне де 1 апта болмаған. Қазір бөлменің ішінде аяқ басып жүретін жер, не жуынатын бөлме мен су жоқ.

40 жастағы Арай Бақытқызы – Өскемен қаласының тумасы. Жалғызбасты ананың аялап, өсіріп отырған екі ұлы бар. 18 жастағы тұңғышы әскерде борышын өтеп жүр. Ал кенжесі екінші сыныпта оқиды. Бала болса да, анасының қиналып жүргенін жақсы түсінеді.

«Ағам әскерге кеткен. Анам жиі жылайды. Сондықтан анама жәрдемдесемін, сабақ жасаймын. Анамның жылағанын қаламаймын», - дейді А. Молдекенованың ұлы Арлен Молдекенов.

Ең қиыны, жалғызбасты ананың бір өкпесі істемейді. Жалғыз өкпемен тыныстайтын келіншек денсаулығының нашар екеніне қарамастан еңбектенуден тайынбайды. Алайда жұмысқа тұруы өте қиын екен. Себебі осыдан 18 жыл бұрын дәрігерлер «туберкулез» диагнозын қойған. Қара суықта нәпақа табамын деп жүргенде дерті асқынып, бір өкпесі қалпына келмепті.

«Ауруханада еден жуып жүргенімде жұмыс берушім жеке кабинетіне шақырып, маған ота жасалған ба деп сұрады. Бірақ мен бұрын-соңды туберкулездің жабық түрімен ауырғанымды айттым. Десе де, мені жұмыстан шығарып жіберді. Барлық жерде осылай. Әрдайым ұжым алдында абыройым түсетін. Тіпті, екінші ұлыма аяғым ауыр кезде емханаға тіркемей қойған жағдайлар да болған», – дейді жалғызбасты ана Арай Молдекенова.

Жалғызбасты ананың Алматыда ешқандай туысы мен таныстары да жоқ. Баспанасыз әйелдің жаңадан жалға алған аядай бөлмесінің іші қара суық. Бұған дейін тұрған пәтерінен үй иесі шығарып жіберген. Өйткені төлейтін ақшам болмады дейді. Жұмысқа орналаса алмаған соң, қазір шұлық сатып, күн көріп жүр екен.  

«Қандай жұмыс табылады, бәрін істей беремін. Үй жинау керек болса, одан да бас тартпаймын. Қазір шұлық сатқаннан басқа амалым жоқ. Қоғамдық көлікпен дүкендер мен саябақтарға жетіп, тапқан тиын-тебеніме нан аламын», - дейді Арай Молдекенова.

Осылай тағдыр тауқыметін тартқан әйел айлық болмаған соң, атаулы әлеуметтік көмек те ала алмаймын дейді. Оған қоса, түсініксіз жағдаймен мүгедек екенін растайтын құжат та берілмепті. Талай мекемеден көмек сұрап, табанын тоздырғанын айтады. Бірақ еш нәтиже жоқ.

«Баламмен далада қалып қоямын ба деп қорқамын. Егер далада қалсақ, онда менің ұлымды алып қояды ғой. Ал мен оны бергім келмейді. Менің тыныш өмір сүріп, ел қатарлы жұмыс істегім келеді. Тек көпшілік жағдайыма назар аударса екен деймін. Кішкентай ғана үйіміз болса екен деймін. Өйткені баспана жалдап тұру қиынға соғады», - дейді Арай Молдекенова. 

Ұзақ уақыт бойы қиындықпен күресіп келген ана енді көпшілікке үміт артып отыр. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Егер көмекке мұқтаж жанұяға қол ұшын созамын деген кеңпейіл жандар болса, мына нөмірлерге жүгіне алады:

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир