Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары 30 жылдан бері батпаққа батып жүр

03.03.2022 02:10

Халық «өз қаржымызға жол жөндеуден мезі болдық, жергілікті әкімдіктен күдер үздік» дейді

Almaty.tv

Алматы облысында 80-нен астам үйдің тұрғыны батпаққа былғанып, шұңқырға шалынып шаршадық деп шағымданды. Абай ауылының Молдағұлова, Алатау сияқты көшелері 30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Халық «қалтамыздан қаржы шығарып жол жөндеуден мезі болдық, жергілікті әкімдіктен күдерімізді үздік» деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  


Шұңқырда өмір сүріп жатырмыз деп шырылдаған Молдағұлова көшесінің тұрғындары толарсақтан саз кешіп, белуардан балшық басудан әбден қажыған. Қарасай ауданына қарайтын Абай ауылы қаланың дәл іргесінде, таяқ тастам жерде орналасқан. Халық жергілікті әкімдікке талай жүгінген. Бірақ сеңнің қозғалар түрі жоқ. 

«Халық болып қанша рет шағым түсірдік. Барлығы қолын қойған. Әкімдікке барған сайын «әкім ауысқан, сіздердің көшелеріңіз келесі жылы жөнделеді» деп шығарып салады. Жылда сол. Әкімдер ауысады, ал біздің жолдың жағдайы 33 жылдан бері сол қалпы. Өзіміз ақша шығарып, құм төктіреміз», - дейді Абай ауылының тұрғыны Пашали Гасанов.

«Бірнеше рет әкімдікке өтініш жазып, жолды жасауын сұрағанбыз. Облыстық әкімдікке де жазғанбыз. Ешқандай нәтиже болмай жатыр. Аяғымыздан резіңке етікті шешпейміз. Галош киіп жүреміз», - дейді Абай ауылының келесі бір тұрғыны Әсет Ерекенова.

Көктем шыға сала тұрғындар батпаққа батып жүруге мәжбүр. Көшемен резіңке етіксіз аяқ алып жүру мүмкін емес. Ашынған жұрт қазір балалар осы лайдың кесірінен тіпті мектепке барғылары келмейді дейді.

«Менің балам сабаққа барғысы келмейді. «Бүгін сабаққа бара алмайтын болдым, дала балшық» дейді. Екінші аяқ киімін қолына да ұстай алмайды. Тайғанап құлайтын болса, дала батпақ, көшемен жүре алмайды», - дейді Абай ауылының тұрғыны Әлтемір Ерімбетов.

«Көшеміз жаман, балалардың мектепке барып қайтуы өте қиын болып жатыр. Жолымыз жаман, балшық құлайды. Күніне 2 рет ауыстырамыз, жолымыз жаман», - дейді тағы бір тұрғын Гүлмира Өтепбергенова.

Жол азабын еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тартады. Одан қалса көліктер бұзылып, бұқараның қалтасын тағы қағады.

«Өзіміздің ақшамызға салатынға біздің ақшамыз жоқ. Мына тастың бәрі, шыны керек, таусылды. Бір көршінің үйіне кіру үшін жетектеп алып келеміз. Қарттарға обал. Мүмкін емес. Кешегі қыстыңгүні қарда қаншасы құлап ауруханаға түсті», - дейді Абай ауылының тұрғыны Еркін Жүсіпов.

«Көліктің 2-3 жылда бір рет жөнделуі тиіс ходовкасы 2-3 ай сайын жөнделеді. Жолмен жүрген кезде көліктеріміз қатты зақым алады. Мына жерде арық бар. 2-3 күн бұрын алқаптан келген су сол арықпен өтіп, бірнеше үйді су басты», - дей тұрғын Мейір Жұмашев.

Ауыл әкімдігі жол жасау үшін ауданға, ал аудан облыстық әкімдікке бюджеттік өтінім жіберіп қойған. Бірақ жауаптылар көшеге асфальттың қашан төселетінін нақты айта алмады. Тек уақытша құмтас салып бере аламыз деп жылы жаба салды. 

 

«2021 жылдың қараша айында аудандық мекемелерге бюджеттік өтінім жолдағанбыз. Қалай қаржыландыру көзі шешіледі, солай жол салынады. Оның нақты уақытын айта алмаймын. Жол мәселесі шешілгенде ғана халыққа құмтас төсеп беруге мүмкіндігіміз болады», - деді Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Еламан Өмірбаев.

Әкімдіктегілердің құрғақ уәдесінен шаршаған жұрт мәселе мардымды шешілмесе, ендігі кезекте мемлекет басшысына жүгінуді ойлап отыр. Ел 30 жылдан бері жөндеу көрмеген жолды енді осылайша ретке келтіреміз деп үміттенеді.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы