|
19.05.2023 | 20:25
3198

Алматыда қандай көлде шомылуға рұқсат етілген

Республикалық жедел-құтқару жасағы былтыр шомылу маусымында 17 адамды ажалдан арашалап қалды

Алматыда қандай көлде шомылуға рұқсат етілген Almaty.tv

Республикалық жедел-құтқару жасағы былтыр шомылу маусымында 17 адамды ажалдан арашалап қалды. Оның алтауы – бала. Тиісті ережелерді ескермей барып, суға батқан. Ал құтқарушылардың сөзінше, Алматыда рұқсат етілген тек 4 қана шомылу орны бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өлімге бас тігіп, өзгенің өмірін өзінікінен жоғары қоя білетін бірден-бір мамандық – құтқарушы. Қас-қағым сәтте қатаң қағидаларды қалтқысыз орындай отырып, адам баласын құтқарып қалу – олардың күнделікті жұмысы.

– Біз ерекше қиын жағдайда да құтқаруға барамыз. Ол үшін арнайы дайындықтан өтеміз. Қысымы жоғары, ауа темперетурасы төмен, жүрекке жүктеме жиі түсетін жерлерде де жұмыс істейміз. Ал судың астына сүңгіп жатсақ, өзіміздің арнайы түсінісетін тіліміз бар. Яғни, бір рет арқан тарту – оңға, екі рет сілкісең – солға, арқанды үш рет тарту – ол судан шығар дегенді білдіреді, – деді ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің басшысы Андрей Быбченко.

Құтқару қызметінің қажетіне жарайтын тағы бір маңызды құрал – маторлы қайық. Жылдамдығы мен жеңіл жүрісінің арқасында су көлігін басқару да оңай. Ал адам өмірін ажалдан арашалап қалуда уақыт ұту өте маңызды.

Қорқынышты кадрда суға тұншыққан азаматты құтқарушылар тез арада жағаға алып шықпақ болып жатыр. Сүт пісірім уақытта үлгерген олар сәл кешіксе, соңы жақсылыққа апармасын жақсы түсінеді. Ал бұл көріністің арнайы оқу-жаттығу екенін кейіннен білдік. Өйткені өтірік-шынын ажырату қиын болды. Ал қауіпті операцияны су өтпейтін ерекше костюмдермен орындап шықты.

– Ерекшелігі – сүңгуірлер ауа баллонымен түседі. Ол судың астында берілген тапсырманы толық орындап шыға алады. Қазір үстіне ілініп жатқан заттың салмағы 32 кг, киімі 12 кг және шлем бар, – деді ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағы судан құтқару бөлімінің бас маманы Бейсенғали Дүйсебаев.

Жұмысы да, киімдері де ауыр мамандықты арқалағандар алғашқы көмек көрсететін ондаған құрал-сайманды сапқа тізіп түсіндіріп берді. Ең бастысы – оларды орнымен қолдану, қажетіне қарай іске асыру.

– Алматы қаласында барлығы 4 шомылу орыны бекітілген. Олар Сайран көлінің батыс және шығыс бөлігі, Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы бойындағы «Гүлдер» демалыс орны және Баум тоғайы. Қалған су айдындары мен таулы өзендерде шомылуға тыйым салынған. Сайран көлінде бізде 17 адам құтқарылды. Оның алтауы  бала, – деді ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Есбол Сұлтанов

Қиын мамандықтың қыр-сырымен бөліскендер бірінші кезекте әр азамат жауапкершілік арқалағанын қалайды. Тек сонда ғана қайғылы жағдайдың алдын алуға болады.

Әлібек Шынтемір, Ернат Болатбек, «Алматы» телеаранасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир