Алматының Түрксіб ауданында жерүсті өткелі салынбақ

28.07.2022 00:33

Халық мәселені қала әкімімен кездесу кезінде көтерген

Almaty.tv

Алматының Түрксіб ауданында темір жол бойынан жаңа жерүсті өткелі салынбақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шацкий және Ержанов көшелері маңынан жасалатын көпірдің құрылысы келесі жылы аяқталмақ. Қаладағы шойын жолдың басым бөлігі Түрксіб ауданында орналасқандықтан тұрғындар темір жолды кесіп өтуге мәжбүр. Жергілікті халық бұл мәселені қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесу кезінде де көтерген. Енді жұртшылықтың талап-тілегі орындалмақ.

Бұл – Үлкен Алматы каналы жанындағы шойын жол. Сүйінбай көшесі бойында орналасқан темір жолдың ұзындығы – 5 шақырым. Мұнда тұрғындар үшін арнайы өткел жасалмаған. Салдарынан жыл басынан бері шойын жолды заңсыз кесіп өтудің 50-ге жуық дерегі тіркеліпті. Көліктегі полиция департаменті мамандары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізсе де, оны ескеретіндер аз дейді.

«Алматы-1 желілік басқармасының желілік полициясының қызмет көрсету аймағында 9 жазатайым оқиға орын алды. Оның ішінде Алматы-1, Алматы-2 стансасында 6 жазатайым оқиғаның бесеуі қайғылы жағдаймен аяқталдын», – деді Алматы-1 стансасындағы желілік полиция басқармасының аға инспекторы Ақмарал Ақмолдаева.

Аудан тұрғындары балаларының өмірі үшін алаңдайды. Себебі оқушылар мектепке бару үшін темір жолдың арғы бетіне өтеді. Енді жаңа жерүсті өткелінің салынатынын естіген көпшілік ризашылығын білдіріп жатыр.

«Шағын ауданда 2 мектеп бар. Оқу жылы басталғанда таңертең баласын ертіп алған ата-ана мен оқушылар осы жолмен өтеді. Басқа айналып өтер жол жоқ. Көпір салынса, тұрғындар игілігін көрер еді», – деді қала тұрғыны Виктория Шульгина.

Жол бойында пойыз тұрып қалғанда тұрғындар вагонның астымен өтуге де мәжүр болады екен. Бұл әсіресе балалар мен егде жастағы тұрғындар үшін аса қауіпті.

Аудан әкімдігі мәселеден хабардар. Тұрғындар бұл сұрақты қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесу кезінде де көтерген. Түйткілді қала басшылығы көп ұзамай шешіп беретінін айтты. Жауапты сала мамандарына бірден тапсырма жүктелді. Келер жылы жерүсті өткелінің құрылысы басталады. 

«Жобалық-сметалық құжаттары қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. сараптамадан өткен соң, құрылыс жұмыстары мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінгеннен кейін 2023 жылы басталады. Құрылыс жұмысы қалалық мобилділік басқармасының келісімшарты бойынша 1 жыл уақыт жүргізіледі», – деді Түрксіб аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Сәкен Баясыл.

Қазақстан темір жолы» ҰК» мәліметінше, Алматыда биыл жыл басынан бері шойын жолды дұрыс өтпегені үшін 7 адамды пойыз қаққан. Оның бесеуі қайғылы жағдаймен аяқталды.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы