Орталық көшеге жетуіміз мұң болды: Жаңа көпқабатты үйдің тұрғындары жолдың жасалмағанына наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Жергілікті шенеуніктер 2 ай бұрын жөндеп береміз деп уәде еткен көрінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел астанасының сол жағалауындағы жаңа тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйге кірер жолдың жасалмағанына наразы. Олар жақын маңдағы аялдама мен орталық көшеге жетуіміз мұңға айналды дейді. Өйткені көпқабатты нысанның айналасы терең шұңқырға толы. Мұндағы халықтың жүріп-тұруына кедергі болған жолдың ой-шұқырын жергілікті шенеуніктер 2 ай бұрын жөндеп береміз деп уәде еткен көрінеді. Десе де бұл түйткіл әлі шешілер емес. Мәселені Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.

«Театральный» көпқабатты тұрғын үй кешенінің тұрғындары осы жылдың басында қоныс тойын тойлап, баспаналарына кірген. Нысанның құрылысын 5 жыл күткен жұртшылық енді міне пәтер кілтін алдық-ау дегенде, тағы бір проблемаға тап болыпты. Қазылған ор мен ойық шұңқырлардан үйге кіріп-шығу мүмкін емес дейді.

«Мына жолдың кесірінен ондағы шаң-тозаң осында кіреді деп біздің паркингтерді ашпай отыр. Бұдан біз ғана зардап шегіп отырмыз. Жаз айынан бері осы жолды жасап беріңіздерші деп шулап жүрміз», – деді қала тұрғыны Гүлжахан Ахметова.

Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір мәселе – жарықтың жоқтығы. Жауыр болған түйткілді әкімдіктегілер көршілес салынып жатқан үйдегі коммуникация жүргізумен байланыстырып отыр. Бұған дейін жауаптылар бұл істі де шешіп береміз деп уәде еткен екен.

«Қазір бізде «Смарт сити» тұрғын үй кешенімен қиындықтар туындап отыр. Олар біздің жобалық жылу жолына қосылу керек еді. Әлі күнге кірікпей отыр. Сондықтан да олардың уақытша жылу жолы біздің 5 көпқабатты тұрғын үйді кіреберіс жолмен қамтуымызға кедергі келтіріп тұр. Осы аптаның соңына дейін «Смарт сити» біздің жылу жолымызға қосылуы керек», – деді қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы Бауыржан Жұматаев.

Қалалық әкімдіктегілер «Театральный» тұрғын үй кешенін жақын арада уақытша жолмен қамтамасыз етеміз деп сендірді. Бірақ асфальт мұнда келесі жылы төселеді. Жоба бойынша қала астанасының бұл бөлігінде айналма жол салу жоспарланыпты.

Сая Меңдеке, Мира Әлжанова, Данияр Омар, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров