Әуезов ауданында Береговой көшесі мен Алтынсарин даңғылы арасына су жаңа жүргіншілер жолы салынды. 4 гектарға жуық учаске адам танымастай өзгерген. Сондай-ақ, дәл осындай көлемдегі спорт және футбол алаңы ел игілігіне берілді. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Әуезов ауданында болып, көріктендірілген аумақтарды аралады. Жаңарған нысандарды Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін де көріп қайтты.
10 ықшам ауданында тұратын зейнеткер Айымгүл Сейтбекқызы үйінің маңында жүргіншілер жолының салынғанына риза. Қуанғаны соншалық – ауладағы ағаштарға су құйып, баптауды бастап кеткен. Ол қартайғанда шалғайда орналасқан саябаққа барудан қалып едік енді таза ауада жиі серуендейтін болдым дейді.
«Адам аяғы басып жүре алмайтын дәрежеде тұғын. Әсіресе, мына тұстың бәрі қалың жапырақ, бір бұталар, қоршаулар мына үйдің арты деген тас қараңғы түнде жүруге де қорқатынбыз. Мінекей, бүгін мынандай жағдайды көріп, мына еңбекті көріп өзіміз қуанып тұрмыз», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Айымкүл Нәлтаева.
Екі көшенің яғни Береговой көшесі мен Алтынсарин даңғылының арасы қазір басқа кейіпке енген. Жүргіншілер жолына тас плиталар төселіп, балалар және жаттығу алаңдары жасалған. Осы сияқты жүргіншілер жолы 8 ықшам ауданда да істелді. Қолданысқа берілген аумақтарды қала әкімі Бақытжан Сағынтаев көрді. Сондай-ақ, мегаполис басшысы «Достық» спорт алаңына барды. Жүгіруге арналған жол белгіленіп, демалатын орындықтар, балалар ойнайтын құрылғылар қойылған.
Мына 3 жарым гектардан астам жер бұрын қараусыз қалған. Енді мұнда жастар осылайша бос уақытын өткізеді. Үш бөлікке бөлінген алаңда футбол, баскетбол, валлейбол сияқты спорт түрлерімен айналысуға болады.
БЛИЦ:
- Сондай тамаша, жақсы болды. Қуанып кеттік, баллар ойнайды мына жерде. Бәрі сондай ыңғайлы, жақсы жасапты.
- Очень благодарим. Наши дети играют теперь, гуляют. Мы сами бегаем по утрам.
- Я вот живу рядом и здесь был обычное поле без ничего. Здесь даже мы не могли играть волейбол. Теперь мы играем каждый день и каждый вечер.
Райымбек даңғылы мен Саин көшесіндегі көпірдің астына мынадай скейт алаңы салынған. Ал «Ақсай-2» ықшам ауданында балалар алаңқайы қолданысқа берілді.
БЛИЦ:
- Қазір жақсы болып қалды. Күшті етіп жасағаннан кейін қазір күнде шығамыз, ойнаймыз.
Сонымен қатар, Наталия Сац атындағы мемлекеттік академиялық театрдың алдында да күрделі жөндеу жүргізіліп, аумақ қайта түрленген. Мұнда ашық аспан астындағы кітапхана мен тоғызқұмалақ ойнайтын орындар салынды.
«Аула бұрынғыдан да көркейе түсті. Ол үшін әрине алғыс айтамыз. Әсіресе, кешке әдемі шамдар жанып, түрлене түседі. Театрға келушілердің спектакльден ерекше әсер алуына керемет атмосфера сыйлайды», – деді Н. Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бас режиссері Владимир Крылов.
Бұдан бөлек қалада балабақша тапшылығын болдырмау үшін жеке балабақшаларды көптеп ашу қолға алынған. Осы ретте Әуезов ауданында тағы бір мектепке дейінгі мекеме бой көтерді. Нысан 100 балаға арналған. Қазір мұнда екі кезекші топ яғни 20 бала тәрбиеленіп жатыр.
«Ауданда кезекті азайту мақсатында 2020 жылдың қайтар айынан бері 9 жекеменшік балабақша 316 орынға ашылды және 77 жеке меншік балабақша мемлекеттік тапсырыспен жұмыс атқарады», – деді Әуезов аудандық білім бөлімінің бас маманы Ақнұр Нұрәлиева .
Жалпы бүгінде аудан бойынша 161 балабақша бар. Оның ішінде 46-сы мемлекеттік, 61-і жеке меншік және 54-і шағын орталық. Жалпы шаһарда аулаларды көріктендіру мен көшелерді абаттандыру жаппай қарқын алып жатыр.
Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы