Газ қосу үшін 1,5 миллион ақша болуы керек – тұрғындар шағымы

08.07.2022 01:25

Алматы облысы тұрғындарының айтуынша, газ қосу құны құбылып тұрады

Almaty.tv

Үйіңе газ кіргізу үшін қалтаңда 1,5 миллион ақша болу керек. Осылай деп шағым айтқан Алматы облысы Үштерек ауылының тұрғындары үй маңына келіп тұрған көгілдір отынды қосып беру үшін 630 мың сұрағанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Рахат Азитаев төрт баланың әкесі. Вахталық жұмыста істейтіндіктен үйге ара-тұра бір келем дейді. Тапқанына газ пеш ғана алған азамат енді үйіне көгілдір отын кіргізуге қаржы жоқтығын айтады.

«Газдың бағасы қымбат. Оны қалта көтермейді. Менің есебім бойынша қазір 1 миллион 300 мың теңге. Газдың пешін 300 мыңға алдым. Маңайымызда біраз үй газсыз отыр», – деді Үштерек ауылының тұрғыны Рахат Азитаев.

700 мың теңге бұл мына жеті қадам жерге жетіп тұрған газ құбырын үйге кіргізіп беру үшін жеке компанияның сұрап отырған ақшасы. Ал оның қазандығын, газдың жабдықтарын, сүзгілерін мұржасына дейін мұқым ел тағы да өзі сатып алады.

«Жоқ, бірден төлеуге ақша жоқ. Бөліп төлеуге болады. Газ керек қой», – деді Үштерек ауылының тұрғыны Талғат Ұзақбаев.

Соңғы тиынын санап беруге дайын тұрғындар жеке компания газ кіргізу бағасын әртүрлі қояды дейді. Ауыл адамдарының арызын арқалап аталғанкомпанияға бардық. Қарасай ауданындағы Үштерек, Айтей ауылын қоса алғанда 8 елдімекенге жауаптымыз деген жауапкершілігі шектеулі серіктестік бағалар бағамын өздерінше түсіндірді.

«Газ қосудың бағасы тікелей оның материалдары мен орнату құнына және оны орнататын қызметкерлердің жалақысына байланысты. Біз мемлекеттен бір тиын алмаймыз. Оның үстіне 600-700 мың теңге өте сирек жағдайдай есептеледі. Мәселен тапсырыс берушінің үйі газ қондырғысынан тым алыс болса, әрине көп ақша кетеді», – деді компания директоры Василий Прокофьев.

Біз барынша жеңілдік жасаймыз деп ақталған компания қоймадағы материалдарымыз тым қымбат әрі базар бағасымен салыстыруға келмейді дейді.

Ал көгілдір отынды қостырғысы келгендер өтемін берсе де айлап күтуге тура келетінін айтады. Мекеме оны кезектегі адамдардың көптігімен түсіндірді.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» теларнасы