Емделуге 7 миллион теңге кетеді
«Алғашында суық тигеннен екен деп мән бермедім» деген Жұлдыз Смағұлова қазір ауыр дертке шалдыққан. Айналасы 2 айдың ішінде 22 келі салмақ тастаған көпбалалы ана қазір тек дәрінің күшімен жанын аман сақтап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұлдыздың өздігінен жүріп-тұруы күн өткен сайын қиындап келеді. Бастапқыда сүйектің сырқырағанына мән бермедім деген ол 2 ай бұрын төсектен тұра алмайтын хәлге жеткен. Негізгі диагнозы - қол артрозы, буынның зақымдануы мен бұзылуы. Оған тағы бауыр мен ұйқы безінің жұмысын тоқтатуы қосылған.
«Оң жақ беттен бастап домалақ-домалақ болып түсті шашым. Жолдасыма айттым «Не істеймін енді, сол жақты да алып тастайық» деп. Шаш өседі ғой, бастысы - менің амандығым. Сол, қатты қиналған кезде қорқам кейде, өліп кетем бе деп», – деді Жұлдыз Смағұлова.
Сырқаты анықталғалы ауруханадан шықпаған Жұлдыз күніне 6-7 дәріні қатар қабылдайды. Әзірге дерттің дауасы - дәрі ғана. Бірақ құлан таза айығуға сеп болмай тұр.
«Түнде демеп, әжетханаға алып барамын. Далаға шығарамын, серуедеп жүрген боламыз. Ауа-райы бұзылғанда ауа жетпей, қиналып, ауырады», – деді Жұлдыздың анасы Марзия Омарянова.
Жұлдыздың қазір салмағы да едәуір азайған. Уақыт өткен сайын буынды қозғалту мұң боп барады. Ана болып, ас әзірлемейді, балаларын мейірлене құшақтай алмайды.
«Балаларымның болашағын ойласам, қорқамын. Қиын маған. Тамақ іше алмаймын, жегім келеді, бірақ ішім ісіп кетеді. Ауа жетпей, ентігіп қаламын», – деді Жұлдыз Смағұлова
Емге – шипа, дертке – дауа болар амал әзірге табылмай тұр. Үміт үзбеймін деген 4 ұлдың анасы шетелдік мамандармен де байланыста екен. Бірақ емі былай тұрсын, тапсырар медициналық тексерудің өзіне кемі 2 мың АҚШ доллары қажет. Ал емделуге 7 миллион теңге кетеді.
Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы