Үйде күнде жер сілкінеді: қара жолдың қақ ортасында қалған тұрғындар көмек сұрады

25.01.2024 02:18

Қарасай ауданы әкімінің орынбасары мәселе бір аптада шешілетінін айтып, уәде берді

Almaty.tv

Теміржол мен көпірдің қақ ортасында қалса да, құзырлы орындардың көңілін аудара алмаған азаматтар көмек сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тыңдап қана қайтпадық, әкімдіктің уәдесін алып, түйіннің тарқар тұсын тауып келдік. Орындалса, оп-оңай шешімі шыққалы тұрған тақырыптың әуелгі басы - көпірде. 2020 жылы құрылысы басталған нысанның астында 30-дан аса үй болған. Қазір тұрған 4 баспана да басқалары сияқты сүрілуге тиісті еді. Сол кездері көшеміз деп отырған көпшілік қолдағы құжаттың қалай жарамсыз боп қалғанын білмей дал.

– 2020 жылы  үй сүріледі деп қолымызға қағаз берді. Келіп, бәрін тексерді, суретке түсірді. Қызыл сызыққа енгізіп, үйді бұғатқа қойды. Көпірдің құрылысы басталып, жерді оя бастады. Күнде 35 метр жерді қазғанда үйде жер сілкінісі болатын. Енді үй керек емес дейді, – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Нұрғали Қасымов.

– Осы аумақта Іле ауданына қарайтын үйдің бәрін сүріп тастады. Ал біздің үйлер тұр. Бір адам келіп, хабар алған жоқ, – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Жексен Құттымұратұлы.

Әкімдік пен тұрғындар арасында басқасын былай қойғанда, ресми кездесудің өзі 4 рет болған. Дауға айналған нысан астында тұрып, жағдайды көзімен көргендердің қатарында округ басшыларынан бөлек, аудан, облыс әкімдері мен жауапты министр де бар. Ақжағалылар арнайы келген соң, мәселе де біржақты болады деп жұрт күтсе керек. Бірақ жергілікті билік өкілі басқаша жауап айтты.  

– Бұл кісілер 2024 жылға дейін «үй зардап шегіп жатыр» деп хабарласқан жоқ, сол себепті бұл үйлер сатып алынған жоқ. 29 жер телімі құрылыстың астында болғандықтан, сол жерді сатып алған. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, 4 үй құрылыстан алыста орналасқандықтан, сатып алынған жоқ, – деді Қарасай ауданы Жер қатынастары бөлімінің бас маманы Темірлан Тілеуғазин.

Көпір түсіп, керегенің жарылғаны – мәселенің бергі жағы ғана. Үйдің бәрі қызыл сызықта тұрған соң, қарапайым күнкөрістің қамы қиындаған.

– Азаматтарымыз өздері тоқты тартып берді. Оған да көніп отырмыз. 40 метр жерден суды өзіміз тартып ішіп отырмыз. Қатты шаршап кеттік. Қалған өмірімізде жақсы, жылы жерде отырсақ дейміз, – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Зәуреш Боранбаева.

Азаматтардың арызын тыңдауға аудандық әкімдіктің өкілдері келді. «Жауапты компания үйлеріңіздің құрылысын қалыпқа келтіруге дайын» деп еді, сабыры сарқылуға шақ тұрған жұрт талабын қайта тәптіштеп айтуға көшті. Ал біз бұған дейінгі, нақтырақ айтсақ, арадағы 4 жылда атқарылған жұмысты сұрадық.

– Мен сөйлескен кезде олар тиісті ұсыныстар әзірленіп жатыр  деген. Ешқандай нәтиже жоқ. Бірақ олар 1 айдың ішінде ұсынысты жібереді, – деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары.

«Жауапты компаниядан жауап күтеміз» деген аудан әкімінің орынбасары мәселені шешу үшін барымды саламын деп уәде берді.

– Бір апта көлемінде  «ҚазАвтоЖол» басшылары мен тұрғындар кездесу өткіземіз. Сол кездесу барысында нақты шешімді қабылдаймыз, – деді Адис Сейдакматов.

Алдағы аптада ұйымдастырылуы тиіс бесінші кездесуде біржақты шешім  шығады деп ел күтеді. Ал уәденің орындалуы – ақжағалыларға сын.

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Атырау облысында төбелесте жарақат алған жасөспірім көз жұмды