Олар жұмыс берушілердің немқұрайлығына наразы
Түркістан облысында тірідей өртеніп кеткен 44 жастағы Қуаныш Сербаевтың отбасы өтемақы талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осыдан 2 апта бұрын жұмыс барысында жүк көлігімен аударылып, кейіннен отқа оранған ол небәрі 44 жаста еді. Марқұмның артында қос қызы мен екінші топтағы мүгедек әйелі қалды. Жоқтау айтқан жақындары тергеу жұмысының тым сылбыр жүріп жатқанын айтып, ашынады. Әрі олар жұмыс берушілердің немқұрайлығына наразы.
Етегі жасқа толған Қарлығаш Сербаева 13 күн бұрын арыстай ұлын жер қойнына тапсырды. 44 жастағы Қуаныш Сербаев екі жылдан бері Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Ақбастау ауылындағы карьерде жұмыс істеген. Алайда 11 маусымда жүк көлігіне тас тиеп келе жатып, аударылып, жүк көлікпен қоса өртеніп кеткен.
– Алдымда жүрген балам айрылып қалдым. Ол қалай болғаны? Техника қауісздігі жоқ. Азаннан кешке дейін көлігін қайта-қайта жөндейді. Қанша жылдан бері жүргізіп келеді, бір кедергі болды деп ойлаймын. Сондықтан оларға басын ала қашудың қажеті жоқ, – деді марқұмның анасы Қарлығаш Сербаева.
Жұмысқа сап-сау болып кетіп, күлге айналған сүйегі ғана келген Қуаныштың артында екі қызы мен әйелі қалды. Бірнеше жыл бұрын жаман ауруға шалдыққан жары Алматыда ем алып жатыр. Марқұмның әкесі жұмыс барысында жан тапсырған ұлының отбасына өтемақы берілуін сұрайды.
– Баланы барып көрейін десем, «сізге баруға болмайды» деді. Сөйтіп жан-жақтан адамдар жиналып, өздері орады. Өрт сөндіру көлігі жеткенше, машинаның түгі қалмай жанып кеткен. Бала да ішінде қалған. Бетін ашпай денесімен қоштастық, – деді марқұмның әкесі Жаңаберген Сербаев.
Марқұм үйленгелі бері жалдамалы пәтерде күнелтіпті. Тек соңғы жылдары ақшаның басы құралып, ауыл маңынан үй салуды бастаған. Бірақ оны да аяқтап үлгермеді. Ал жұмыс берушілер «өндірісте жүріп ажал құшқан Қуаныштың отбасына жәрдем беру мәселесі сараптамадан кейін белгілі болады» дейді.
– Қуаныш аға ісіне тиянақты еді. Жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын. Өте ұқыпты кісі. Сараптама анықтайды, қалай болғанын білмеймін. Жауап бере алмаймын, – деді Таукен цехының басшысы Мақсат Айтқұл.
Жұмыс беруші тарап осылай деп қипақтап, өлім болған күннің өзінде анығын айта алмай әуреге түсіп тұр. Ал аталған іске еңбек қағидаларын бұзу бабы бойынша тергеу басталды.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы