Ал аудандық әкімдік жабайы саудаға үзілді -кесілді жол жоқ екенін айтып отыр
Жабайы базар орнына заманауи арбат. Шымкентте қасбеті өзгерген «Қырғы» базары қаланың көркін аша түскенімен, онда жабайы сауда әлі де тыйылар емес. Орнатылған жарықшамдар мен орындықтар, егілген ағаштар арасында қызып тұрған заңсыз кәсіпкерлікті түбегейлі кесу әзірге қиынға соғып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Блиц-тұрғындар:
«Мына жердің бағы ашылып, жақсы болды, сауданың барлығы іште, әйтпесе мұнда үнемі абыр-сабыр болатын», - деді бір тұрғын.
«Ертең мына ағаштардың барлығы өссе, өте жақсы болар еді. Әсіресе, біздің Шымкент қаласы үшін ағаштар көп отырғызылуы керек қой», - деді екіншісі.
«Қырғы» базарды қайта құру жұмыстарына көпшіліктің айтар ойы осы. Бүгінде сауда орнының қас беті абаттандырылған, орындықтар мен жарықшамдар орнатылып, ағаштар егілді. Бұрынғы адам аяқ алып жүре алмайтын жағдайдан арылыпты. Әйтсе де, арагідік жабайы саудамен айналысып, полиция қызметкерлерімен алысып тұратындар әлі де баршылық.
Саудагерлер қала басшысының нұсқауымен базар әкімшілігі ұсынған жерлерге орналасып көрдік дейді. Алайда, ол орындар сауда жасауға мүлде қолайсыз болған соң қайта көшеге шығуға мәжбүр болыпты.
Блиц-саудагерлер:
«Жақсы орынның барлығының адамы бар, жаман орын берген соң ол жерде сауда жасай алмадық».
«Әкімшіліктен әкім келіп бағаны түсіріп кеткен еді, оны түсірмейміз, тұрсаңдар тұрыңдар, төлемесеңдер кете беріңдер деді».
Осы маңды қарайлайтын тәртіп сақшылары болса, күнде осындай қарбалас екендігін айтады. Ал аудандық әкімдік жабайы саудаға үзілді -кесілді жол жоқ екенін айтып отыр. Еске салайық, «Қырғы» базарға апарар жолды абаттандыру жұмыстары былтыр басталған болатын.