|
25.07.2024 | 20:33
409

Биыл Боралдай ауылының оқушылары онлайн оқуы мүмкін

Бас көтерген ата-аналар күрделі жөндеу жұмысы созылып кеткенін айтып, шағымданды

Биыл Боралдай ауылының оқушылары онлайн оқуы мүмкін Almaty.tv

Ақпанда жер сілкінісінен кейін Алматы облысында апатты деп танылған мектепте күрделі жөндеу жүргізу ісі уақытылы қолға алынбаған. Кесірінен өткен оқу жылының соңғы тоқсанында онсыз да қашықтан білім алған 2 мыңға жуық бала қыркүйекте тағы онлайнға көшуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Іле ауданы Боралдай ауылындағы № 40 мектеп 8 жыл бұрын қолданысқа берілген. 600 балаға шақталған білім мекемесінде 2 мыңға жуық оқушы үш ауысымда оқиды. Қыстағы жер сілкінісінен кейін ғимарат апатты деп танылып, оқушылар онлайнға көшірілген. Бүгін бас көтерген ата-аналар күрделі жөндеу жұмысы созылып кеткенін айтып, шағымданды.

– 25 ақпаннан бастап балалар онлайн оқып жатыр. «2024-2025 оқу жылдары мектепте жөндеу жұмыстары аяқталады» деп уәде берген. Жұмыс басталған, бірақ неге тоқтап қалды? Себебі ақша мердігердің қолына түспеген, – деді Боралдай ауылының тұрғыны Бауыржан Әділбек.

«Онлайн оқудың азабын тарттық» деген ата-аналар балаларды алыс болса да басқа мектептерге жіберуге қарсы емес. Бірақ «оқушылардың сабаққа барып-келуіне білім мекемесі жауапты болсын» дейді.

– Балаларды тасымалдауға автобус бөлінсін. Онлайн оқымайды. 3-сынып оқитын бала әке-шешесі үйде жоқ болса, қашықтан сабақты қалай оқиды? Ата-ананың бір үйде 4 балаға 4 телефон алып беруге шамасы келмейді, – деді Боралдай ауылының тұрғыны Назым Көпбосынова.

Білім ордасының қызметкерлері мен ата-аналар бұған дейін де мектептегі еденнің қайта-қайта ашылып кете беретінін байқағанын, қабырғаларда жарық болғанын айтты. 2016 жылы салынған нысанның құрылысына мердігер компания салғырт қараған.

Қаңырап қалған апатты білім ордасында жер сілкінісіне дейін де мәселесі көп болған. Мектеп күрделі жөндеуден өткеннің өзінде қолданысқа беруге жарамсыз көрінеді.

Жаңа оқу жылына 1 ай қалғанда мәселені қолға алған жауаптылар қаржы уақытылы бөлінбегенін айтты. Сол себепті де құрылыстың мерзімінен кешіккен. Күрделі жөндеу аяқталғанша ата-аналармен, оқушылар онлайн оқуы немесе басқа мектепке тасымалдауы мүмкін.

– Жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Бірақ нақты айта алмаймын. Оқу процесін ұйымдастыруға байланысты 4 мектепке балаларды тасымалдаймыз. Автобустармен толық қамтамасыз етеміз, – деді Іле ауданы білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлжан Елубаева.

Білім бөлімі туындаған мәселені жақын арада шешеміз деп сендірді. Ал ата-аналар аз уақыт ішінде тоз-тозы шыққан мектепке тексеріс жүргізіп, ісіне немқұрайлы қарағандарды жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Жансая Олжабек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақша бар, нәтиже жоқ: тараздықтар құрттаған су ішуге мәжбүр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир