Жер дауы: көпшілік тұрғын үй кешенін салуға наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғындардың айтуынша, әу баста бұл жерге жол төселуі тиіс еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Ерменсай шағынауданында жекеменшік жерге салынған спорт алаңы бұзылып жатыр. Көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу мақсатында жер телімі 16 жыл бұрын жеке тұлғаға сатылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Азамат Құсайынов 30 жылдан бері осы шағынауданда тұрады. Ол ширек ғасырдан бері бос жатқан жер аяқасты әлдекімнің меншігіне өтіп кеткеніне таңқалғанын жасырмады. Жер телімін мұндай мақсатта пайдаланып жатқандарына налып, шағынауданда ауыз су мен кептеліс мәселесі де қиындай түсетінін айтты.

– Бұл – шағынаудандағы отбасымен бірге демалатын жалғыз орын. Көршілерімізбен жақсы араласамыз. Бәріміз осында бас қосатынбыз, – деді қала тұрғыны Азамат Құсайынов.

Тұрғындардың сөзіне сенсек, міне, дәл осы жерде үлкен алаң болған екен. Балалар жаздыгүні футбол ойнап, ал қыста коньки теуіп, сауық құратын. Тұрғындардың айтуынша, әу баста бұл жерге жол төселуі тиіс еді. Алайда көктемде аумақ қоршалып, тұрғын үй кешенінінің құрылысы басталып кеткен. Ал қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мамандары жердің 2007 жылы Алматы облысы аумағында болған кезде сатылып кеткенін айтты. Меншік иесі оны тек 16 жылдан кейін ғана пайдалануды шешкен.

– Жер телімі ешқашан қоршалмаған еді. Тұрғындар спорт алаңы ретінде пайдаланып келді. Бірақ әрі қарай бұл мәселе әкімшілік сот арқылы шешіледі. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Жер телімінің жағдайы содан кейін белгілі болады, – деді Жоспарлау және урбанистика басқармасы Бостандық ауданы бойынша қалалық жоспарлау және аумақтарды дамытуды үйлестіру қызметінің жетекшісі Бекнар Бекнұрұлы.

Басқарма мамандары 2016 жылы жоба бойынша бұл жерде жол салу қарастырылғанын жасырмады. Алайда 2021 жылы жоспарға өзгеріс енгізіліпті.

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров