Ал жергілікті билік «жағдайды білеміз» деп қысқа қайырды
«Қылкөпірден күнде өтеміз, құлар күні белгісіз». Осылай деп базынасын айтқан Алматы облысы Көктал ауылының тұрғындары апатты жағдайдағы өткелді жөндеуді талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құрғақ уәдеге тойған жұрт Көктал ауылына көпір арқылы кіретін жалғыз жолды қоршап алды. Құлайын деп тұрған өткелді жасауды талап етті. Күніне 40-50 оқушыны отыған автобус көпірден өтеді. «Жоғары жақтан келіп келесі айдың он бесінде жасап беретінін нақты жауабын айтсын. Әр күніміз қымбат», – деді Көктал ауылының тұрғыны Алпысбай Беркімбаев.
«Мынау өзіміз ақша шығарып жасадық. Рас па? Енді балаларға обал емес пе? Автобус құласа, кім жауап береді? Осыны айтып жүргелі 2 жыл болды», – деді Көктал ауылының тұрғыны Жұмағали Әділбеков.
Жұрт жағасын ұстап, жар басына жармасып әрең өтіп жүрміз деген кішкентай көпірдің асфальт жабындысы сетінеп кеткен. Ал ең сорақысы бетондары белден сынып құлап жатыр. Ал жергілікті билік «жағдайды білеміз» деп қысқа қайырды.
«Не істей аламын? Мен мемлекеттік сатып алудың уақытын өзгерте алмаймын. Ол заңмен белгіленген нәрсе. Мен сізге айтып отырмын сметасы жасалынды. Тендрға берілді. Қазіргі таңда 4 компания шыққан», – деді Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрбол Ескенбаев.
Жиналған жұрт алдына Талғар аудандық коммуналдық шарушалығы мамандары келіп, жағдайды бақылауға алатынын айтты.
«Келісім шартжасалса 5-10 күнде жөндеу жұмыстарын бастайды. Айналма жол салынады. Құбыр 8 метрге қойылады. Жолдың кеңдігін 6 метр деп жоспарладық», – деді Талғар аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Асхат Досжанов.
Үміті үзілмеген халық әзірге күтуден басқа амалы жоқ.
Әлібек Шынтемір Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы