Министр АЭС құрылысының неше уақытқа созылатынын айтты

Фото: elements.envato.com
Фото: elements.envato.com
Екі жаңа министрлік құрылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда АЭС салу мәселесі референдум арқылы шешілетін болды. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында мәселенің қоғамда қызу талқыланып жатқанын айтты. Сондықтан соңғы шешімді халықтың өзі шығаруы керек.

Биылғы Жолдау бұрынғыдан өзгерек. Бұл жолы оған министрлер, депутаттар, құзырлы орган өкілдері, қоғамдық ұйымдардан бөлек, еңбек адамдары да шақыртылыпты. Түрлі маман иелері алғаш рет Президенттің Жолдауын Мәжілістің ғимаратында тыңдады. Президент біраз уақыттан бері қоғамда қызу талқыланып келе жатқан АЭС-тың құрылысы туралы сөз қозғады. Мемлекет басшысы аталған нысанның салынуына қатысты азаматтардың арасында пікір екіге бөлінгенін айтты. Сондықтан бұған қатысты референдум өткізуді ұсынды.

– Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент референдумның қашан өтетінін айтпады. Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бұл процес ұзақ уақыт алатынын айтты. Ведомство басшысының айтуынша, бірден референдум өткізе салып, шешім шығаруға болмайды.

– Референдум мәселесі қалай жасақталады? Меніңше, ол Парламент депутаттарын, қоғам өкілдерін, белсенділерді, сала сарапшыларын жұмылдыру арқылы жасалатын ұжымдық жұмыс болады. Соның қорытындысына сәйкес хабарландыру жасалады. Станса құрылысы кезінде жобалауға, технология іріктеуге 3-4 жыл, одан кейін құрылыс жұмыстарына 12 жылға дейін уақыт кетеді. Бұл – ұзақ процесс, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Сонымен қатар бүгінгі жолдауда Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар кейде асыра сілтеп, бизнесті дамытуды тежейтінін айтты. Осылайша құқық қорғау органдарына ескерту жасап, жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесетінін жеткізді. Сол жерде кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелері мұқият талқыланады.

– Президент дұрыс айтты. Біздің экономикалық саясатымызда ең көп артықшылық шағын және ірі бизнеске арналған. Ал шағын бизнес – сауда. Сауда мен қызмет саласы. Ірі компаниялар шикізатпен айналысып жатыр. Орта бизнес дайын тауарды шығарады, оған ешқандай артықшылық жоқ. Президент Үкіметке қолдау жолын қарастыруға тапсырма берді, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Бұдан бөлек, Президент әлемде тіршілік нәріне тапшылық болатынын айтып, суды үнемдемей артық жұмсағандар жоғары тарифпен төлейтінін ескертті. Оның айтуынша, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Себебі Қазақстан үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес.

– Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді, – деді Мемлекет басшысы.  

Президент елде 2 жаңа министрліктің құрылғанын, ал тағы 3 министрліктің қайта жасақталғанын мәлімдеді. Алғашқысы - су ресурстары министрлігі. Екіншісі - көлік министрлігі. Сондай-ақ туризм және спорт, мәдениет және ақпарат, өнеркәсіп және құрылыс ведомстволары бар. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке президент әкімшілігіне жалтақтамай, өз бетінше шешім қабылдап, экономиканы өз қолдарында ұстау керек екенін қадап айтты.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозған

Новости партнеров