2026 жылы Қазақстанда бала тууға байланысты берілетін жәрдемақылар мен төлемдер қандай

22.01.2026 15:08

Биыл әлеуметтік төлемдер 10 пайызға ұлғайды

Аlmaty.tv

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бала тууға және оны күтуге байланысты барлық мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер 10 пайызға ұлғайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Uchet.kz-ке сілтеме жасап.

Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері отбасындағы бала санына қарай белгіленеді:

  • бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК.

2025 және 2026 жылдардағы жәрдемақы мөлшері төмендегідей:

1-3 балаға:

  • 2025 жылы (1 АЕК = 3 932 теңге): 149 416 теңге;
  • 2026 жылы (1 АЕК = 4 325 теңге): 164 350 теңге
  • Өсім: +14 934 теңге

4 бала және одан кейінгілерге:

  • 2025 жылы: 247 716 теңге;
  • 2026 жылы: 272 475 теңге;
  • Өсім: +24 759 теңге.

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы

Жұмыс істемейтін әйелдерге баласы 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын бала күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері бала санына қарай мынадай:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК;
  • төртінші және одан көп балаға – 8,90 АЕК.

2025 және 2026 жылдардағы төлем мөлшерінің салыстырмасы:

Бірінші балаға:

  • 2025 жылы: 22 648 теңге;
  • 2026 жылы: 24 912 теңге;
  • Өсім: +2 264 теңге.

Екінші балаға:

  • 2025 жылы: 26 777 теңге;
  • 2026 жылы: 29 453 теңге;
  • Өсім: +2 676 теңге.

Үшінші балаға:

  • 2025 жылы: 30 866 теңге;
  • 2026 жылы: 33 951 теңге;
  • Өсім: +3 085 теңге.

Төртінші және одан көп балаға:

  • 2025 жылы: 34 995 теңге;
  • 2026 жылы: 38 493 теңге;
  • Өсім: +3 498 теңге.

Табысынан айырылу жағдайына байланысты төлем

Жұмыс істейтін әйелдерге, егер олар үшін жұмыс беруші Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеуметтік аударымдар жүргізген болса, жүктілік пен босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындалады.

Бұл төлемнің мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысқа және еңбекке жарамсыз күндер санына байланысты есептеледі.

Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бала 1,5 жасқа толғанға дейін оны күтуге байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы көлемінде белгіленеді.

Егер егіз немесе одан көп бала дүниеге келсе, бұл төлем әр балаға жеке-жеке тағайындалады.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы салық берешегі: өзіңізді борышкерлер тізімінен тексеріп көріңіз