Ұлымды құлдықта ұстап отыруы мүмкін: Алматы облысының тұрғыны төрт айдан бері ұлын іздеп жүр

30.09.2022 01:27

Жаз басында жұмысқа кеткен 32 жастағы азаматқа іздеу жарияланды

«Ұлымды құлдықта ұстап отыруы мүмкін». Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында 4 ай бұрын жоғалған ер адамның әкесі осылай шағымын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаз басында жұмысқа кеткен 32 жастағы азаматтың қайда және кіммен жүргенін жергілікті жұрт та, тіпті полиция да білмей отыр.

Абай Шамаков сол күні әдеттегідей нәпақасын табу үшін Есік қаласына кіретін жолдың бойына шыққан. Бұл жерден көбіне егінмен айналысатын шаруалар немесе құрылыс бастағандар қара жұмысқа адам жалдайдын көрінеді. Із-түссіз кеткен 32 жастағы ауыл тұрғыны - жасы 70-ке таяған Жүсіпбай Бекқабұловтың жалғыз ұлы. Жоғалған жігіттің жақындары оның «ойлау қабілеті дамымаған» дейді. Бірақ алысқа ұзап кетпесе, үйге қайтар жолды біледі екен.

«Құлдықта ұстап отырғаны рас шығар деп ойлаймын. Болмаса, мүмкін емес. Алып кеткен адам "Мұның әке-шешесі бар, ағайын-туысы бар. Жолды білмейді" деп неге әкеліп тастамайды», – деді А. Шамаковтың әкесі Жүсіпбай Бекқабұлов.

70-ке таяған шағында жалғыз ұлынан көз жазып қалған қарияның 4 айдан бері бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Үйіне оралмаған 32 жастағы тұрғынды іздеуге ауыл жұрты да шыққан.

«Біраз жерден іздедік. Бірақ нәтиже болмады. Бағандарға суретін іліп шықтық. Бірақ «көрдім», «осы бала мында жүр» дегендер болмады. Ешқандай хабар жоқ», – деді көршісі Зарина Юсупова.

Шарқ ұрып іздеуден түк шықпағандықтан Жүсіпбай 4 шілдеде полицияға арыз жазып қалдырған. Алайда жоғалған жігітті тәртіп сақшыларының өзі әлі күнге дейін таба алмай жатыр. Әзірге «адам жоғалу» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны ғана мәлім.

«Адамды анықтау бағдары барлық полиция бөлімдеріне жіберіліп, еріктілермен бірлесе іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Егер жоғалған адам бойынша қандай да бір ақпар болса, полицияға хабарласуыңызды сұраймыз», – деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің өкілі Ернар Сәйділдин.

Полиция жауабына қанағаттанбаған қария бүгін жалғыз ұлын іздеуге қайта аттанды. Көлігіне мініп, Абайдың суретін ауылдың бұрыш-бұрышына іліп шықты. Үміті үзілмеген ол енді Алматыдағы полицияға жүгінбек. Абай Шамаковты көрген-білгендер болса, төменде көрсетілген нөмірлерге хабар беруін сұрайды.

Оразай Нұртай, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы