2027 жылдан бастап барлық балабақша міндетті түрде лицензия алуы тиіс

11.12.2025 20:11

Қазір арнайы жұмыс тобы талқылау үстінде екен

2027 жылдан бастап елдегі балабақшалар лицензия алуға міндеттеледі. Тиісті заң 2024 жылы күшіне енген еді. Оқу-ағарту министрлігі ұйымдарға талаптарға сай болуы үшін дайындыққа екі жыл уақыт берген. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ ведомство педагогтерге қойылатын талапты күшейтпек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Балабақшада таяқ жеп, миы шайқалып, үсті-басы көгеріп, ауруханаға түскен бүлдіршіндер жайлы қоғамда жиі айтылады. Енді оқу-ағарту министрлігі мектепке дейін ұйымдарға талапты күшейтпек. 2026 жылдан бастап ата-аналардан аталған мекемелерге қатысты қандай да бір шағым түссе ескертусіз тексеріс жүргізіледі. Ведомствоның дерегінше, биыл жыл басынан бері бөбекжайларға қатысты 20-ға тарта арыз жазылыпты. Бұл жаңашылдық балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын бақылау үшін жасалады екен.

«Егер ата-аналардан немесе басқа адамдардан өтініш немесе арыз түсетін болса, сол кезде барлық балабақшаларға кенеттен тексеріс жүргізіледі», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова.

Тағы бір жаңашылдық 2027 жылдан бастап балабақшалар міндетті түрде лицензия алуы керек. Бұл талап мемлекеттік балабақшаға да, жекеменшікке де ортақ. Яғни, әрбір мекеменің  ғимараты нормаға сай, тәрбиешілері білікті, білім беру бағдарламалары сапалы, материалдық-техникалық базасы толық,  инфрақұрылымы дұрыс ұйымдастырылуы шарт. Егер ұйым талапқа сай болмаса, жұмыс істей алмайды.

«Бұл ережелер бекітілді. Заң 2024 жылы күшіне енді. 2025–2026 жылдары балабақшаларға жаңа талаптарға бейімделу үшін уақыт бердік. Қазір жергілікті атқарушы органдар, жеке балабақшалар ассоциациялары және министрлік бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова.

Ведомство бұл ұсынысты денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған. Қазір арнайы жұмыс тобы талқылау үстінде екен. Егер ұсыныс әрі қарай қолдау тапса, тәрбиешілерге қойылатын талап күшейді.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Теги: балабақша