Алматы қаласыдағы «Мәдениет» шағын ауданында 17 көшеге электр шамдары орнатылды

almaty.gov.kz
almaty.gov.kz
Жергілікті жұрт «түнде қолымызға шам ұстамайтын болдық» деп бөркін аспанға атуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының Алатау ауданына қарасты «Мәдениет» шағын ауданы облыс иелігінен қалаға 2014 жылы қосылған. Содан бері халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында бірқатар шаралар жүргізіліп келеді. Бүгінде шағын аудандағы бұрын-соңды жарықтандырылмаған 17 көшеге электр шамдары орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның ішіндегі 15 көше толық жарықпен қамтылса, қалған екі көше алдағы бірнеше күнде қолданысқа беріледі.

«Біз Алатау ауданы бойынша 413 көшені жарықтандыру үшін қалалық энерготиімділік басқармасына тапсырма бергенбіз. Қазіргі таңда биылғы жұмыс «Мәдениет» ықшам ауданынан ең бірінші болып басталды. Бүгінгі күні 15 көше толығымен жанып, іске қосылды. Тағы екі көше қосылуға дайын тұр. Қазір тек  шамдарды бағана үстіне орнатады. Жақын арада  бұл жақтағы 17 көше толығымен бітеді», – деді Алматы қаласы Алатау ауданы көріктендіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы  Мақсұт НҰРҒАЛИЕВ.

Орнатылған лед-шамдардың жарық түсіру ауқымы кең, энергия жағынан тиімді әрі қаржылық шығыны да аз. Жергілікті жұрт «ендігі кезде түнде қолымызға шам ұстамайтын болдық» деп бөркін аспанға атуда.

«Бұрын көшелер қараңғы еді. Бәріміз қол шаммен жүретін едік. Қазір жарық бар, шамдар жағулы», – деді Алатау ауданының тұрғыны Николай ВОЛОШИН.

«Бізге жарық орнатқаны тамаша болды. Түнде жап-жарық,  бәрі көрінеді. Көріп тұрғандарыңыздай, көшелерде шамдар орнатылған, бірақ барлығына жеткен жоқ. Біздің көше соңына қалды, неге екені белгісіз, әлі кезегі келген жоқ. Кезегі келгенде бізге де орнататын шығар», – деді Алатау ауданының тұрғыны Роза ТОҚТЫБАЕВА.

Биыл Алатау ауданы бойынша бұрын жарығы болмаған 413 көшеге жарық орнату көзделген. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында 2024 көшені жарықтандыру қолға алынған. Осыған орай, қала шетіндегі шағын аудандардағы жөндеу жұмыстары қызу басталып, жүйелі түрде жүргізіліп отырылады.

Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде «Мәдениет» шағын ауданында қазір 139 шам мен 6 жарым шақырым электр сымы тартылған. Жыл соңына дейін мұнда тағы 75 көшені жарықтандыру жоспарға алынған.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров