Балаларның анасы Құндыз миына қан құйылып, инсульт алған
Тағдырға көніп, Тәңір берген несібені теріп, тек жақсыға сеніп, үміт артқан қаншама отбасы бар. Денсаулығы сыр берсе де, түр бермеген қанша ғұмыр сыналып жатыр. Сын бітер, жайма-шуақ күн келер деп көптен күткен 5 баланың әкесі Ерболат – «Алматы» телеарнасының бүгінгі кейіпкері.
Әдетте, біз барған үйде есіктен үйдің от анасы күтіп алатын. Бұл жолы көпбалалы әке қарсы алды. Жұбайының жағдайын айтып, отбасының қазіргі жайын жеткізген кейіпкер 3 жылдан бері 5 баланы өзі бағып келеді. Ұл-қызын мектепке дайындайды, жуындырып-киіндіріп, тамағын әзірлейді.
«Балаларымыз мектепке барады. Өзім үйде отырамын, сыртқа шыға алмаймыз. Жұмысым жоқ. Балаларыма, әйеліме қарау керек, еш жерге бара алмаймын», – деді көпбалалы әке Ерболат Ерниязов.
3 жыл бұрын Ерболаттың жұбайы Құндыз бесінші баласын босанады. Арада 10 күн өткенде ананың миына қан құйылып, инсульт алған. Содан бері, Құндыздың оң жақ бөлігі жұмыс істемейді, тіл де жоқ. Әлдиін айтып, әңгіме тыңдаған ананың бір-ақ сәтте мұндай хәлге түсуі балалары үшңн жеңіл болмады. Камераға сұранып, көкейіндегіні айтып қалғысы келген үлкен қызды тыңдадық.
«Анаммен бір дастарханда отырып, шай ішіп, сырласқым келеді. Маманың ауырғанына 3 жыл болды. Оның демдеп берген шайын, жасаған тамағын сағынамыз. Менің ең үлкен арманым – мамамның жазылып кетуі», – деді Балауса.
Балаусаның да, басқа балалардың да балдырған күні осындай арманмен өтіп жатыр. Үй иесі жұмыс істемейді, күні-түні 3 қыз, 2 ұлды тәрбиелейді. Әйеліне күтім жасайды.
Көпбалалы әке «балалар алыстан су тасымасын, жылы үйде өмір сүрсін деп қолдан келгенді жасап жатырмын» дейді. Қазір олар тұратын үй де жалдамалы. Ал жағдай түзеліп, отанасы ошаққа қайта оралса, балалардың әкесі аядай болса да аяулы үй тұрғызсам деген арманын айтты.
Материалдық жағдайдың мәз емес екені айтпасақ та түсінікті. Дегенмен, «қол ұшын созып, көмек беретін көпшілік» бар дейді кейіпкер. Ал бар табысы – азды-көпті алатын жәрдемақы ғана.
«Күйеуі мүгедекті күтуші ретінде әлеуметтік жәрдемақы алады, балаларына да ақшалай көмек беріледі. Өзінің мүгедек ретінде жәрдемақы алады. Осы – мемлекеттен көмегі. Қолдан келген көмектің бәрін жасаймыз. Бастарында баспана жоқ, жұмысы жоқ. 5 баланы бағу үшін де жағдай керек», – деді Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев.
Жатар үйді жалға алып, жан бағып отырған отбасына қандай да бір көмек көрсету – «Мейірім мекенінің» мақсаты. Хабарласам деушілер үшін байланыс нөмірі көрсетілді.
Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы