Бақытжан Сағынтаев лаңкестер өртеп жіберген телеарналардың жай-күйімен танысты

15.01.2022 01:28

Қаланы қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Almaty.tv

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев террористердің шабуылы кезінде өртке оранған басқа да телеарналардың бүгінгі жай-күйімен танысып қайтты. Қызметкерлермен тілдесіп, қалпына келтіру жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

5 қаңтар күні кешкі сағат 19.00 шамасында лаңкестер «Қазақстан» телеарнасына басып кірген. Ғимараттың ішін қиратып, ақпарат таратуға қажетті техниканы ұрлап әкеткен. Соның салдарынан ғимарат күл-талқан болған. Қала басшысы қираған арна ғимараттарына арнайы барып, бүлінген дүниені көрді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Алматы жақын арада қалпына келтіріліп, бұрынғыдан да көрікті болатынын сеніммен айтты. Қала басшысы ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Айта кету керек, бүгінде ғимаратты қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталып кеткен.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жасаған іссапарында «Қаланы неғұрлым жылдам қалпына келтіру – менің перзенттік парызым. Алматыны 4-5 айдан соң бұрынғысынан да әсем, көрікті етеміз» деп атап өткен еді. Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына кәсіпкерлер, құрылыс компаниялары, жалпы еріктілер жұмылдыратын болады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Дәл сол күні содырлардың сойқанынан Республика алаңындағы ғимаратта орналасқан телеарналар да зардап шеккен еді. Арна басшыларымен кездескен Бақытжан Сағынтаев істің мән-жайын анықтап, барлығы тез арада қалыпқа келтірілетінін айтты. Арнайы комиссия шешім шығарған соң, жөндеу жұмыстарының күрделілігіне қарай 5 ай мен 8-9 ай аралығында қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Ал қызметкерлер ол күнді әлі де қорқынышпен еске алатынын жеткізді.

«Кешкі сағат 17.00 шамасында ғимаратқа басып кіріп, бәрін қирата бастады. Ақпарат таратуға қажет дүниені тонап кеткен. Күл-талқан болған жерді көру бізге ауыр тиеді. Қазір өзге ғимаратқа уақытша көшу жұмыстары жүріп жатыр», – деді «Мир» телеарнасы бөлімшесі бас режиссерінің орынбасары Алмагүл Жазылбекова.

Осылайша, террористердің жойқынынан кейін Алматыны қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет басшысының берген әр тапсырмасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Жанар Ғаниқызы, «Алматы» телеарнасы