Мемлекет басшысы ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады
Президентке Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жыл басынан бері атқарған жұмысының нәтижелері, ведомствоны реформалау барысы және алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есеп берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық қауіпсіздікке төнетін қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге байланысты ҰҚК қызметін жетілдіру шаралары, соның ішінде нормативтік-құқықтық базаны дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту, озық ақпараттық технологияларды енгізу және қызметтік процестерді бюрократиядан арылту жайында баяндалды.
Ермек Сағымбаев елімізде террористік және экстремистік әрекеттерге жол бермеу жұмыстарының күшейтілгені жөнінде айтты. Жыл басынан бері ҰҚК материалдары бойынша терроризм мен экстремизмге қатысы болғаны үшін 25 адам сотталды, сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында тағы 13 адам ұсталды.
Мемлекет басшысына криминогендік ахуалды сауықтыру шаралары туралы ақпарат берілді. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, 6 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды және 35 адам тұтқындалды. Заңсыз айналымнан 148 қару, қолдан жасалған 5 жарылғыш құрал, 32 граната және 4431 оқ-дәрі тәркіленді.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес аясында 16 операция жүргізілді. Есірткі тасымалдайтын 18 халықаралық және 9 өңірлік арна, сондай-ақ 10 есірткі зертханасы жойылды. 800 келіден астам есірткі және психотроптық заттар, 14 тонна химиялық реагенттер мен көкнәр шикізаты тәркіленді.
Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде мемлекетке 707 миллиард теңгеден астам сома залал келтіруге жол берілмеді және бюджетке 1,2 миллиард теңге қайтарылды.
Мемлекеттік шекараны бұзған 7 мыңнан астам адам ұсталды. Шекара арқылы қару-жарақ пен оқ-дәрі, есірткі және басқа да тыйым салынған заттарды тасымалдауға қатысты 395 әрекеттің жолы кесілді. Сондай-ақ 3,2 миллиард теңге көлеміндегі валютаны және құны 7,6 миллиард теңге болатын тауарларды заңсыз өткізуге тосқауыл қойылды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне жасалған 50,3 миллион кибер және 819 DDoS-шабуылға тойтарыс берілгені туралы баяндалды.
Кездесу соңында Президент ұлттық қауіпсіздік органдарының қызмет бағыттарына қатысты бірқатар тапсырма берді.