Тоқаев: Астана - болашағы зор қала

06.07.2023 01:28

Мемлекет басшысы мінберге шығып, Астананың тарихына қысқаша тоқталды

Tengrinews.kz

Мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші тұрғындардың тұрмыс сапасымен өлшенуі тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Астананың бауырлас қалалары форумында осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлемнің 17 қаласының мэрі мен вице-мэрлері бас қосқан жиында шаһарларды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мінберге шығып, Астананың тарихына қысқаша тоқталды. Ширек ғасыр бұрын елорданы Алатаудың баурайынан арқаның төсіне көшіру ұтымды шешім болды деген Президент, жаңа елордамыз Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін бергенін баса айтты. Бас қаланың келбетін қалыптастыруға атсалысқан сәулетшілерді еске алып, шаһардағы Ханшатыр, Бәйтерек, Қазақ елі монументі сынды нысандарды мысалға келтірді.

«Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің екі мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді», – дейді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Астананың болашағы зор деген мемлекет басшысы, қаланың болашақта да геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами беретінін айтты.  Сонымен қатар мемлекет басшысы Елорда қазір дінаралық диалог пен рухани дипломатияның ордасы деді. Талай маңызды шешімдер қабылданып жатқан қала қарапайым тұрғындарға да ыңғайлы болуы керектігін жеткізді.

«Бұл қалада ең маңызды шешімдер қабылданып жатыр. Келешекте де лайым солай болмақ. Астана - болашағы зор қала. Осы орайда біз Жасыл қала идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз ең алдымен тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек», – дейді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтпақшы, Президент жиында Астананың қақ ортасы ғана көркейіп, шеткі аумақтарына көңіл бөлінбейтінін тағы бір рет айтты. Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына назар аудармау әділетті қоғам идеясына сай келмейді деген сын айтты.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы