Бұл – нағыз патриотизмнің көрінісі
Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада әскери жиынға шақырылған аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерімен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ, Қарулы Күштердің техникалық дайындығын және қала әкімдігінің Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысын тексерді. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мемлекет басшысына еліміздегі әскери қызметін өтеуге міндетті азаматтарды арнайы жиынға шақыру барысы, коронавирус пандемиясына қарсы күресте әскери қызметшілердің техникалық және жауынгерлік жабдықталуы туралы баяндады. Президент жиынға шақырылған әскери қызметшілерге ел үшін қызмет етуге келгендеріне ризашылығын білдірді.
«Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер өте маңызды жұмыс атқарып жатсыздар. Бұл – нағыз патриотизмнің көрінісі. Қазір адамдардың көбі патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік туралы көп әңгіме айтады. Бірақ нақты іске келгенде бұғып қалады. Ал сіздер еліміз, Отанымыз үшін өз еріктеріңізбен осында қызмет етуге келіп отырсыздар. Сондықтан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Қазіргі ахуал күрделі. Бірақ бәріміз бір ұлт, бір халық болып осы қиындықтарды жеңіп шығатынымызға ешқандай күмәнім жоқ. Бәрі жақсы болады. Біз ең алдымен қарапайым халыққа көмек көрсетіп жатырмыз. Бюджеттен, Ұлттық қордан қыруар қаржы бөлінді. Ең алдымен біздің алдымызда тұрған мақсат – қарапайым халыққа колдау көрсету. Халықсыз ешқандай экономика болмайды. Сондықтан патриотизм деген бұл қасиетті ұғымды нақты іспен дәлелдеу керек», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ
Ал, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорданың қазіргі ахуалы, оның ішінде, азық-түлікпен, медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, қалада дезинфекция жұмыстарын жүргізу, қосымша жұқпалы аурулар ауруханасын салу жайында егжей-тегжейлі есеп берді. Мемлекет басшысы Төтенше жағдай режимінің барлық талаптарын бұлжытпай орындау қажет екенін айтты.