Пандемия кезінде Алматы еріктілері кімдерге көмектеседі

11.12.2020 01:29

Демеушілер, меценаттар және кәсіпкерлер 80 мыңнан астам мұқтаж адамға көмек көрсетті

Almaty.tv/архив

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында «Қазақстан еріктілері лигасы» ҚҚ Алматы филиалының төрайымы Бағдат Анарбаева пандемия кезінде волонтерлер кімдерге және қалай көмектескенін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыда шамамен 28 ірі волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Бұл – «Еріктілер лигасы», «LIDER.kz», «SOS командасы», «Almaty Volunteers» және т. б. Бұл ұйымдардың базасында 50 мыңнан астам волонтер бар.

Б.Анарбаеваның сөзінше, пандемия кезінде қаланың түрлі волонтерлік ұйымдары бірігіп, күшейтілген жұмыс жүргізді, мемлекеттік органдардың жұмысына жәрдемдесіп, Алматы тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетті.

«Игі іске студенттен бастап қарт адамдарға дейін қаланың барлық тұрғындары, жастар ұйымдары мен ҮЕҰ тартылды, олардың арасында бірқатар ұйымдарды атап өтуге болады», –  деп атап өтті ол.

Мысалы, «Алматы Мейірімділер клубы» қоғамдық бірлестігі карантин кезеңінде және бүгінгі күнге дейін қаланың және жақын маңдағы ауылардағы аз қамтылған, көп балалы отбасыларына 1 200 азық-түлік себетін жинап, жеткізді. Сонымен қатар, тәуекел дірежесі жоғары тұрған қарттар үйіндегі 310 қартқа, атап айтқанда Ардагерлер үйіне, «Нұр» Мейіргер үйіне, Собор жанындағы қарттар үйіне көмек көрсетілді.

Карантин күшейтілген кезде Клуб еріктілері 80 жұқтыру ошағына жетекшілік етті, үнемі қашықтықтан байланыста болды және қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді үнемі жеткізіп отырды.

Оқу жылының басында клубтан бұрын да әлеуметтік көмек алған отбасылардан шыққан 200 оқушыға кеңсе керек-жарақтарын берді. Қыс мезгіліне қарай 15-ке жуық көпбалалы отбасылар мен жалғыз басты қарияларды көмірмен қамтамасыз етті.

Төтенше жағдай кезінде медициналық еріктілер қаланың карантиндік және провизорлық стационарларында көмек көрсетті, шет елдерден отандастарын қарсы алды, карантин туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, эпидемиялық анамнез жинады және ПТР әдісімен коронавирус инфекциясының бар-жоғын анықтауға талдау жасауға көмектесті.

Сонымен қатар, 50-ге жуық медициналық волонтер қаланың модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының жұмысына, мәйітхананың жұмысына, ПТР-зертханалары мен провизорлық орталықтардың жұмысына тартылды.

«LIDER.KZ» еріктілері Алматы облысының мұқтаж отбасыларына 4000-ға жуық азық-түлік жиынтығын жеткізді. Сонымен қатар, осы акция аясында мұқтаж адамдарға тегін дәрі-дәрмек түріндегі көмек көрсетілді.

«Мен Алматылықпын» қоғамдық бірлестігі карантин жарияланған кезеңде «Мен болмасам Кім» қайырымдылық акциясын қолға алды. Акция шеңберінде аз қамтылған қала тұрғындарына азық-түлік жиынтықтары берілді. Шараны қаланың және еліміздің барлық белсенді еріктілер тобы қолдады, Қазақстанның 14 қаласын қамтыған челлендж барысында ерікті 15 ұйым осы шара туының астына жиылды. Барлығы 20 миллионнан астам сомаға 5000-нан астам отбасыға көмек көрсетілді.

Жалпы, қалада пандемия кезінде қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар, сонымен бірге, қалалық демеушілер, меценаттар және кәсіпкерлер 80 мыңнан астам мұқтаж адамға жалпы сомасы 1,9 млрд тг көмек көрсетті.