Алматы облысында 135 отбасы жылусыз отыр

01.11.2022 01:29

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жатахқана жекеге өтіп кеткен

Almaty.tv

Алматы облысы Өтеген батыр кентіндегі 135 отбасы жылу жоқ болған соң, тоқ пешпен жылынып отыр. Осылай шағымданған тұрғындардың айтуынша, ескі тұрғын үйдегі жылу жүйесінің құбырлары ескірген. Оны жөндеу үшін жертөлеге түсу керек, алайда оған мүмкіндік жоқ. Ал жергілікті әкімдік бұл үйлер жекенің меншігінде деп жауап қатыпты.

Ас үйдің пешін азынаған бөлмені жылыту үшін қосамыз деп шағым айтқандар алдымен нәрестелер үшін алаңдаймыз деп отыр. Екі күннің бірінде ауырып, дәріхана жағалап жүргендерін айтады.

«Менің үш қызым бар.Үйді ас жылытатын пешті пайдаланып отырмыз. Ауырып жатыр. Аптекаға барамыз ана дәрін аламыз. Осы жерде квартирада тұрамын. Көшсем ба деп жатырмын», – деді Өтеген батыр кентінің тұрғыны Пархат Әбілбеков.

Жылу маусымы басталса да бойына жылу бармаған бұқара жертөле мәселесін де жиі қаузайтындарын айтып қалды. Құбыры жарылып, қоқысқа толған қоймаға да қарайтын бір қара табылмаған екен. Сондықтан да болар ойдан-қырдан аққан су дәл осы үйдің астына құйылады.  

«Бізде кәріс құбыры істемейді. Үш рет тазаладық. Енді жертөле су болғасын жылуға қосыла алмай отырмыз.  Жылу жоқ. Өйткені ол тығылып қалып отыр. Дәнекерлеуші кіріп қосал алмай жатыр», – деді Өтеген батыр кентінің тұрғыны Гүлмира Сыпанова.

Бұл жылусыз отырмыз деп жанайқайын жеткізген 135 отбасының тұрғын үйінің жертөлесі. Қазір көріп тұрғандарыңыздай өте қорқынышты жағдайда. Жылу жүйесін қосу үшін де бұл жерде ешбір жағдай жасалмаған.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша,  жатахқана іспетті тұрғын үй баяғыдан жекеге өтіп кеткен. Сол себепті қазынадан қаржы бөле алмайтынын айтып отыр. Алайда Өтеген батыр кентіне жылу толық берілген.

«Бұл кісілердің үйінде қиындықтар бар. Жертөледегі заттар ұрланған. Жылу беру жағынан ешқандай проблема болып тұрған жоқ. Қазір десе қазір қосып береміз», – деді  «Энергетический» ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайрат Оразбаев.

«Өтеген батыр бойынша барлық үйлер қосылды. Тек осы жатақхана қосылмады.Бұл жерде 135 бөлме бар. Қосылмаған себебі, біріншіден жылу жүйелеріне үйдің дайындығы жоқ. Былтыр да осылай қосылды. Сол кезде атылып кеткен. Оны тұрғындар өздері жақсы біледі», – деді  «Жылу жүйелері» ЖШС директорының орынбасары Қуат Нұрғазиев.

Баспанасы азынап отырған бұқара әзірге қымтанып отыруға мәжбүр. Ал жылу жүйлерін жөндеу үшін өзара ымыраға келуі керек.

Әлібек Шынтемір, Ернар Болатбек «Алматы» телернасы