Мамандардың сөзінше, бұл тақтайшалар көшедегі қауіпті жағдайлардың алдын алады
Алматыдағы жол белгілерінің бәрі бірдей стандартқа сай келмейді екен. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы белгілердегі арнайы бояуы бар жапсырмаларды зерттеп, бірқатар олқылықтар тапқан. Алматы мен облыс аумағын аралаған бақылау тобы тағы қандай мәселе анықтады? Көрінбейтін белгілерді кімдер дұрыстауы қажет? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтсын.
Көшелерге ілінген түрлі қауіпсіздік белгілері, әсіресе, қараңғыда көлік жүргізушілеріне анық көрінуі тиіс. Сондықтан жолдағы таңбалардың жарықпен шағылысу деңгейі мемлекеттік стандарттарға сай болуы маңызды. Бүгін сондай белгілердің қаншалықты дұрыс жасалғанын Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері мен әкімшілік полиция қызметкерлері тексерді. Бақылау тобы алдымен Ұлжан ықшам ауданын аралап, Жалайыр көшесінің бойындағы белгілерді рефлектометр аспабының көмегімен өлшеп көрді.
Тақтайшаның сәулелену деңгейі әрқайсысында әртүрлі нәтиже көрсеткені байқалады. Әйтсе де стандартпен жасалған белгілер де жоқ емес.
Әрбір жол белгісінің артында арнайы сертифаты бар. Онда мұның жасалған мерзімі, үлдір түрі, сериясы жазылған. Енді бұл белгі қаншалықты талаптарға сай екенін қазір анықтап көрейік.
Инженер:
– Міне, мына көрсеткіштер бойынша осы белгінің талаптарға сай екені көрініп тұр.
Бірнеше көшені аралаған бақылау тобы Ұлжан ықшам ауданындағы жол белгілеріндегі жапсырма 70 пайызға төмен жарықтанатынын анықтады. Бұдан бөлек мамандар қала сыртындағы Құлжа тас жолында орналасқан жол таңбаларын көрді. Республикалық маңызы бар жолға қойылған тақтайшаларға 80 пайыз дұрыс жасалған деп баға берілді.
«Мысалы, бізде жолдың жіктелімі болады. Көшелер, облыстық маңызы бар, республикалық маңызы бар жолдар. Соның талаптарына сәйкес көріну қабілеті әртүрлі болып табылады. Яғни, 1,2,3 типті жарық қайтару пленкалары. Бірінші тип мысалы 150 метрден артық шамада көрінуі керек», – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК жол қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Шалқар Қасымханов.
Тексеру барысында анықталған олқылықтарды түзету туралы хаттама мердігерлерге, жол қауіпсіздігіне жауапты ұйымдарға жолданады. Мамандардың сөзінше, бұл тақтайшалар көшедегі қауіпті жағдайлардың алдын алады.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы