Ядролық физика институтындағы реактор АЭС-тің прототипі сияқты – профессор

Almaty.tv
Almaty.tv
Насурлла Бөртебаев МАГАТЭ-нің екеуіне де қойып отырған талабы бір екенін жеткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ядролық физика институтындағы ғылыми зерттеу реакторы АЭС-тің прототипі сияқты». Осылай деп пікір білдірген институт бас директорының кеңесшісі Насурлла Бөртебаев олардың айырмашылығы тек қуатында екенін айтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ профессор атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің екеуіне де қойып отырған талабының бір екенін жеткізді. Реактордың қауіпсіздігі қатаң бақыланатынын айтып, саладағы маман тапшылығы мәселесіне қатысты да пікір білдірді.

Алатау ықшамауданындағы Ядролық физика институты 1957 жылы геолог-ғалым Қаныш Сәтпаев пен белгілі физик Игорь Курчатовтың бастамасымен құрылған. Және еліміздегі 3 зерттеу реакторының бірі дәл осы институтта 1967 жылдан бері жұмыс істеп тұр екен. Одан бөлек, 10 ірі базалық тәжірибелік қондырғы да бар. Ал бүгінде реактор адамзатқа қауіп төндірген қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмек, сондай-ақ әшекейге арналған тас та шығарып, өнеркәсіп саласына қажеттіні де дайындайды екен. Бұл қызметті 600-ге жуық маман атқарады.

«Атом электр стансасы салынатын болса, «оны басқара алатын мамандар бар ма, жоқ па?» деген сауал туындайды. Әрине, бар деп айтуға толық мүмкіншілігіміз бар. Себебі 60 жылдан астам уақыттың ішінде алдыңғы буын мамандардың бәрі кетіп қалды. Қазір жаңа буын жұмыс істеп жатыр», - деді «Ядролық физика институты» РМК бас директорының кеңесшісі Насурлла Бөртебаев. 

Профессор бұл саладағы мамандардың барлығы өз елімізде дайындалып, оқытылып жатқанына баса назар аударды. Атом электр стансасы салынса, зерттеу реакторын басқарып отырған қызметкерлер көмекке келетінін де айтты. Ал ықшамаудандағы тұрғындар институттың жұмысы жайлы қаншалықты біледі?   

«Қауіпсіздік қадағаланса, жеткілікті ғой. Неге десеңіз, менің өзім бұл салада 17 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осы уақыт аралығында институттың ешқандай зиянды жағын байқамадым. Ауа да таза», - дейді қала тұрғыны Евгений Давидченко.

«Менің ағайындарым, менің туған бажам жұмыс істеген. Ешқандай қиындық көрген емеспін. Атом электр стансасын салу деген бізге - Қазақстанға тиімді деген ойдамын», - дейді келесі бір тұрғын Саттар Қарымсақов.

«Бұған дейін де, қазір де бірде-бір апат болмады. Мұнда көп жылдан бері тұрып келеміз. Институт қызметкерлері де зерттеуін тоқтатпай, жұмысты қадағалап келеді», - дейді тағы бір тұрғын Бақытжан Асенов.  

Тұрғындар институт пен реактордың жұмысынан хабардар. Десе де, жұртшылықты толғандырған қауіпсіздік мәселесіне қатысты профессор былай деді.

«Кез келген өндіріс қауіпсіздіктің талабын толық сақтауы керек. Сондықтан да ядролық реакторда өндіріс орнына да қойылатын талап бар. Радиациялық тұрғыдан ол талапты МАГАТЭ қадағалап отырады. Сондықтан оның шешімінсіз ешқандай АЭС-тің жұмыс істеуге құқығы жоқ», - деді «Ядролық физика институты» РМК бас директорының кеңесшісі Насурлла Бөртебаев.

Профессор егер АЭС Балқаш маңына салынса, еліміз судан тарығуы мүмкін деген тұжырымдаманы да жоққа шығарды. Себебі, Балқаш көліндегі су көлемі 22 млрд тонна болса, оның 16 миллиарды жыл сайын буланып отырады екен. Ал АЭС салу үшін шетелдік тәжірибе бойынша оның 63 млн тоннасы ғана қажет болады. Маманның сөзінше, ол Балқаштағы судың 1 пайызына да жетпейді.

Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Дамыған елдер атом энергетикасына қалай қарайды

Новости партнеров