|
01.04.2021 | 21:39
7576

Қазақстанда кітап оқитындар саны азайып бара ма

Кітап дүкендерінің мамандары соңғы 10 жылда оқырманның сұранысы өзгергенін айтады

Қазақстанда кітап оқитындар саны азайып бара ма ашық дереккөзден

Қазақстанда кітап оқитындар саны азайып барады. Мәдениет министрлігінің дерегі бойынша, 2019 жылы кітапханаларда 4 миллион 600 мыңнан астам оқырман болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1,5  миллионға азайып, 3 миллион оқырман тіркелген. Ал, кітап дүкендерінің мамандары соңғы 10 жылда оқырманның сұранысы өзгергенін айтады. Адамдар бұрынғыдай ақын-жазушылардың көркем дүниелеріне  қызықпайтын болған. Бұған не себеп? Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай жауап іздеп көрді.

Бүгінгі оқырман көркем әдебиетті жастанып оқымайды. Оның орнына психологиялық, мотивациялық, қаржы тақырыбына арналған кітаптар үлкен сұраныста, дейді кітап дүкендерінің мамандары. Ал, кітапхана қызметкерлері бұл пікірмен келіспейді. Көркем шығармаларға деген қызығушылық бәсеңдеген емес деп отыр. Дегенмен, оқырмандардың 35 пайызы зейнет жасындағы адамдар екенін жасырмайды. Жастардың үлесі небәрі 25 пайыз ғана.

«Күнделікті көркем әдебиет алатын оқырмандармен мен тікелей байланыс жасаймын. Сондықтан да қазір көркем әдебиет секторының оқырмандары 8774 оқырманды құрап тұр. Яғни, бұл дегеніміз өте төмен деп айта алмаймыз. Өте жоғары деп те айта алмаймыз. Орташа деңгейден жоғары. Өйткені оқырманның күнделікті келуімен есептейміз ғой», – деді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы көркем әдебиет бөлімінің жетекшісі Айман Құсайынова.

Ал, филология ғылымдарының кандидаты Болат Қорғанбеков жастардың кітапқа қызықпау себебі отбасында балаларға ертегі немесе халықтың тарихына қатысты аңыз әңгімелер айтылмайтындығынан, дейді.

«Егемендік алған тұстан бастап тарихқа деген қызығушылық оянды да, кейін нақты тарихи еңбектер, нақты публистикалық еңбектер көбірек оқыла бастады. Сол кезден басталды көркем әдебиетке деген қызығушылықтың азаюы. Адамның мүкіндігі шектеулі ғой. Адамның азқазаны бір табақ ас сияды дегендей. Ол бірін оқыса, екіншісін оқуға уақыт қалмайды, әрине. Бұл бір себебі көркем әдебиеттің оқылмауы», – деді ЕҰУ-нің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты  Болат Қорғанбеков.

БЛИЦ:

- Уақытымның болуына қарай қаржылық сауаттылыққа байланысты, сосын психологияға байланысты психологиялық кітаптар оқимын. Адамдармен қалай қарым-қатынас жасау

- Мотивациялық кітаптар оқимын. Өзімді дамытқым келеді. Көркем шығарма оқуға уақыт жетпейді.

- Мен көбінесе әдеби кітаптарды оқимын. Ол әдеби кітаптар арқылы сөз байлағымды дамытқым келеді.

Мамандар енді «неге кітап оқылмайды?» деп емес, «неге кітап оқыта алмаймыз?» деген сұраққа жауап іздегеніміз жөн дейді. Ал, ол үшін -кітап дүкендері мен кітапханаларда жарнама қызметін дұрыс жолға қою керегін алға тартады. Бүгінгі нарық заманында халық дәулетті болып кетудің жеңіл амалдарын көрсетеміз деп майын тамызып ақыл айтқан әлеуметтік желі «жұлдыздарына» көп құлақ асады. Сәйкесінше, рухани азық үшін емес, коммерциялық мақсатта шығарылған кітаптар сөрелерде шаң басып тұрмайды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир