Құс тұмауына шалдыққан құс өнімін тұтыну қаншалықты дұрыс

12.11.2020 02:25

Еліміздің жеті облысында 870 мыңнан астам қанатты қырылған

azh.kz

Алматы облысындағы құс тұмауы анықталған фабриканың тауық өнімдері қаладағы дүкен сөрелеріне түскен жоқ. Қалалық ветеринар мамандар сауда нысандарына тексеру жүргізу барысында осындай мәлімдеме жасады. Қауіпті кесел облыста анықталған күннен бастап олар бақылауды күшейткенін айтады. Ал, қазір облыстағы жағдай қалай? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толықтырып айтады.

Роза Имашева – қала дүкендерінде тек сапалы әрі таза өнімнің сатылуын қадағалайтын білікті маман. Осы салада 20 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді. Сырттан келген сүт және тауық өнімдері алдымен осы бөлмеге жеткізіледі. Кейіннен арнайы маманның жіті қадағалауынан өтіп барып, азық-түлікке анықтама жазылады. Содан кейін ғана сауда нысанының сөрелеріне жөнелтіледі. Ветеринар маманның айтуынша, қазір елді алаңдатқан құс тұмауы жайлаған кезеңде ескеретін арнайы ережелер де бар екен.

«Құс тұмауы адамзат баласына еш қауіптілігі жоқ. Ал, құс тұмауына шалдыққан құстың жұмыртқасын пайдалануға келетін болсақ, оларды барынша тұтынбаған жөн. Десе де жұмыртқаны 100 градус ыстықта 4-5 минут қайнататын болса, ондағы вирус түгелімен өледі», – деді сауда орын зертханасының жетекшісі Роза Имашева.

Арнайы сараптамадан өткен әр тауарға мамандар анықтама жазып береді. Ол 3 күнге ғана жарамды. Алматы облысында құс тұмауы анықталған күннен бастап мамандар тауық өнімдеріне бақылауды бұрынғыдан да күшейткен. Айтуынша, қазір ірі сауда нысаны саналатын дүкендерге инспекция мамандарын бекіткен.

«Бүнгінгі таңда қала аумағында 22 сауда нысаны жұмыс істеп тұр. Ондағы әрбір сауда нысанында біздің инспекцияның мамандары бекітілген. Алматы облсында құс тұмауы тіркелген күннен бастап, бақылау жұмыстары күшейтілді. Келген мал өнімдерінің барлығы зертханадан өтіп, сараптамадан өткеннен кейін ғана сатылымға шығады», – деді қалалық ветеринариялық тамақ өнімдері қауіпсіздік бөлімінің басшысы Уазиз Сатылғанов.

Ал, Алматы облысындағы қазіргі жағдай тұрақты деп сендірді мамандар. Кесел шыққан фабрика әлі күнге дейін карантинге жабық тұр. Облыс аумағында орналасқан басқа құс фабрикалары шаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өнімдері баяғыша сатылып жатыр екен. Қазір ондағы жұмыс барысы сала мамандарының толығымен назарына алынған.

«Қазір «Алсад» Қазақстан фабрикасындағы құстар толығымен жойылды. Ол жақтан ешқандай өнім шықпайды. Қазір сауықтыру шаралары жүргізілуде. Фабрика карантинде жабық тұр. Барлық жағдай жақсы болса карантин 21 күннен кейін алынады», – деді Алматы облысы Қарасай ауданы ветеринариялық қадағалау және бақылау инспекциясының басшысы Марат Жақсыбаев.

Ал, кеше ғана Шымкентте үй құстары белгісіз кеселден қырылып жатқанын хабарлаған едік. Қанаттылардың өлімі Бадам тұрғын алабында тіркелген. Ал мамандар шаһарда құс тұмауы тіркелген жоқ деп отыр. Айта кетейік, жоғары потогенді құс тұмауынан осыған дейін еліміздің жеті облысында 870 мыңнан астам қанатты қырылған.