30 жылға жуық уақытта Қазақстанға қанша қазақ көшіп келді?
Ашаршылық пен репрессия толық зерттелуі керек. Мемлекет басшысы осыдан екі күн бұрын айтқан үндеуінде тарихтың тамырын тереңнен тануға пәрмен берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәл осы қиын-қыстау заманда этникалық қазақтан басқа, жер жаһанға шашылып кеткендері де болды. Ал, ел егемендік алғанда Елбасының шекарадан шалғайда қалған қандасты отанға көшіру туралы шешімі – тарихтың «алтын кезеңі» дейді шығыстанушы Ислам Жеменей. Сонымен, 30 жылға жуық уақытта Қазақстанға қанша қазақ көшіп келді?
Бұл дүниежүзі қазақтарының тұңғыш рет басы қосылып, арқа-жарқа болған кездегі сәттері. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетте шашырап қалған қазақтарды атажұртқа көшіру шешімі алыста жүріп елді аңсаған қандастар үшін ақжолтай жаңалық еді. Мұндай ұйғарым – жоқты түгендеуге, елдің бір болып өсіп-өнуіне сеп болды.
Қабылаш Әбікейұлы Моңғолиядан 1992 жылдың күзінде атажұртқа оралады. Болгарияда консерваторияда білім алып, Ұланбатырдың опера және балет театрында 20 жыл қызмет етіпті. Талантымен көзге түскен оған еліміздің мәдениет министрлігі тарапынан елге қызмет ету туралы ұсыныс түскен екен. Бірақ опера әншісі Атамекенге оралуды ертеден ойлап едік дейді. Алып-ұшып елім деп елге оралған кездегі көңіл-күй сол сәттерде кезіккен кейбір қиыншылықтарды тез еңсеруге сеп болған. Қазақстан азаматтығын 7-8 жылдан кейін ғана алсақ та, Үкімет баспанамен қамтып қолдау көрсетті дейді.
«Елбасымыз өзі бастап шақырды. Шетелдегі азаматтар елге келіп, елге аздап болса да көмек жасаңыздар. Профессор, мұғалім болсаңыздар, шәкірт тәрбиелеңіздер деп, осындай шақырту болған соң, біз келдік. Онысына көп рахмет айтамыз. Ол кісінің жақсы саясаты болған ол кезде», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Қабылаш ӘБІКЕЙҰЛЫ.
Жалпы қазақтарды жинауды Елбасы тәуелсіздік алмай тұрған кездерде ойлаған болуы керек дейді белгілі шығыстанушы Ислам Жеменей. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың қыркүйегінде Стамбұлда шетелдегі қазақ өкілдерін қабылдайды. Сонда Ислам Ақмұратұлы Иран-ауған еліндегі қазақ өкілі ретінде Президентке өтініш жасаған екен.
«Сол кезде ауған қазақтары босып жүрген еді, соларды елге алдырсаңыз деген бір өтінішім болды. Президент сол жерде менің атымды сұрап жазды, маған уәде етті. Алла қаласа, орындаймыз, орындалады деді. Сол айтқандай тұтастай ауған қазақтарын Ираннан, Түркиядан, Иорданиядан, Пәкістаннан көшірді», – деді филология ғылымдарының докторы, «Тұран-иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ислам ЖЕМЕНЕЙ.
1991 жылдары шамамен 16-20 мыңнан астам адам елге қайтқан. Иран елінен 6 қазақ ауылы тұтастай Отанға оралып, Маңғыстау жерінен қоныс тепкен. Ал 1992 жылы Алматыда өткен құрылтайға әлемнің 33 елінен жүздеген өкіл қатысты. Ислам Жеменейдің ата-анасы 1929-1932 жылдардағы ашаршылық кезінде Иран еліне босып кеткен. Сонда туып, сонда өскен Ислам аға 91-92 жылдарды тарихтың алтын кездері еді дейді. Шығыстанушы сонау 90 жылдардағы көші-қон жұмыстарын ерекше сезіммен еске алды.
«Ол жылдарды есімізге түсірсек, жүрегіміз толқиды. Себебі бізде өмір бойы аталарымыздың армандап өткен ісін орындасақ деген мақсат бар еді. Алла тағала соның бәрін сәтін келтірді», – деді филология ғылымдарының докторы, «Тұран-иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ислам ЖЕМЕНЕЙ.
Жалпы соңғы ақпарға сәйкес, 1991 жылдан бүгінге дейін 1 млн 300 мың қандас елге оралған. Ал 4 жарым миллиондай қазақ әлемнің түпкір-түпкірінде өмір сүріп жатыр.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы