Еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие

09.06.2020 01:31

Алматыда қанша адам жұмыссыздар есебінде тұр?

Almaty.tv

Алматыда қанша адам жұмыссыздар есебінде? Еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие? Төтенше жағдайдан кейін азаматтар қалай екі қолға бір күрек таба алады? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.

Бостандық ауданындағы №71 балабақшада құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Ғимарат осы жылдың соңына дейін толықтай жаңартылып, сейсмикалық тұрғыда күшейтілуі керек. Осындағы 14 құрылысшы да екі қолға бір күректі жұмыспен қамту орталығы арқылы тапқан.

35 жастағы Данияр Әбілқанов осы нысанның бригадирі. Құрылыс саласында еңбек етіп жүргеніне 5 жыл болыпты. Айтуынша, елде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін қызметтері тоқтаған. Шектеулер алынған соң, «Жұмыспен қамту орталығына» хабарласып қасындағы әріптестерімен осында келген. Барлық шаруа көңілімізден шығады дейді ол.  

«28 мамырдан бастап осы жерде істеп жатырмыз. Жалақымыз 140 мың болады. Соткамен тіркелдік. 1350 төлеп отыр деді», – деді құрылысшы Данияр ӘБІЛҚАНОВ.

Мамандардың сөзінше, «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы 3 бағыт бойынша екі қолға бір күрек табуға болады. Бірінші – жоғарғы білімі бар бірақ, еңбек өтілі болмаған жағдайда орталық 3 айлық курсқа тәжірибе жинауға жібереді. Екіншісі –  жеке кәсіпті ашып, дамытуға несие қарастырылған. Соңғысы – қоғамдық жұмыстар арқылы келешекте тұрғылықты жұмыспен қамтамасыз ету. Айта кетейік, жұмыс іздеген адам Enbek.kz сайтына кіріп, өзін жұмыссыз ретінде тіркеуі керек. Онда бос орындарды онлайн көруге болады. Ал, бүгінгі нарықта бірқатар мамандықтарға сұраныс көп .      

«Қазіргі таңда 646 бос жұмыс орны бар. Олардың да 100-150 мыңға дейін айлығы жазылған. Ең көп сұраныс дәрігерлер болып тұр. Содан кейін қызмет көрсету саласындағы сатушылар, кеңес берушілер, кассирлер. Соларға  сұраныс жоғары болып тұр», – деді қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлзинат РАХМАБЕРДИЕВА.

Осы күні жұмыспен қамту орталығында 13 мың адам жұмыссыз деп тіркелген. Қазіргі кезде оның 4 мыңнан астамы аталған орталық арқылы жолдама алып, нәпақасын тауып жүр.

Өмір Әнуарбек, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы