Халық әртісі Еркеғали Рахмадиевтің үйіне ескерткіш тақта қойылды

12.12.2019 01:31

Ашылу салтанатына сазгердің ізін басқан шәкірттері мен туыстары қатысты

Almaty.tv

Бүгін әйгілі композитор, КСРО халық әртісі, профессор Еркеғали Рахмадиевтің құрметіне ескерткіш тақта ашылды. Мемориалдық тақта Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты тұрған үйдің қабырғасына ілінді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиналғандар қазақ музыкасының симфониялық күй жанрының негізін қалаған тұлға жайлы естеліктер айтты. Ашылу салтанатына сазгердің ізін басқан шәкірттері мен туыстары қатысты.  

«Әттең, композитор емеспін. Бізде композиторлардың өзі сиреп бара жатыр. Үлкен жанрда жұмыс істейтін. Егерде композитор болсам, әттең бүгінгі тақырыпқа арнап, Еркеғали Рахмадиевтің «Таң самалы» әнін жұрттар біле ма жоқ па? Соған бір лейтматив жазып, үлкен бір опералық шығарма жазуға болар еді деп ойлаймын», - деді ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, драматург Дулат ИСАБЕКОВ.

Айта кетейік, Еркеғали Рахмадиев 27 жыл бойы Қазақстан композиторлар одағының төрағасы, КСРО Композиторлар одағының хатшысы болды. Ал 2010 жылы оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Оның шығармаларында қаһармандық-патриоттық тақырып негізгі орын алады.  Композитордың «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Тың тынысы» опералары, «Дайрабайдың күйі», «Амангелді атты симфониялық поэмалары елімізде және шетелдерде жоғары бағаға ие болған.