Қыздарын зорлаған әке: Алматы облысында күдікті қамауға алынды

30.05.2023 01:31

Ал қыздары полицияның қорғауында болады

Кадр из видео

Алматы облысы Бөлек ауылының 57 жастағы тұрғыны туған қыздарын зорлады деген күдікпен қамауға алынды. «Ол балаларына жылдар бойы  әлімжеттік көрсетіп, қорқытып келген»  дейді полиция өкілдері. Әкесінен қорқып келген олар, аудио-видеожазбалар жинап басқа қалаға бас сауғалауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Туған қыздарын зорлап, артынша адам баласына ауыз ашпасын деп қорқытып келген күдікті қазір Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасында қамауда отыр. Артынша екі әйелін де куәлік ету үшін шақырған екен. Алайда арнамызға ашық сұхбат беруге қашты.

Айыпталушы ұзақ жылдар бойжеткендерге бассыздық көрсетіп, оңашада ойына келгенін жасаған. Ол аздай «тапқан тергенін, тартып алып жұмысқа жеккен» дейді көршілері.

– Шыны керек, мен онымен жақсы араласатынмын. Жаман ойы байқалмады. Өзім енді естіп, таңқалып отырмын. Әрқашан балам деп жүретін. Қыздарға сенемін, Ахметке сенбеймін, – дейді көршісі Сембай Қасқаров.

Бұл – Есік жұртының есін екеу, түсін төртеу қылып, өзінің туған қызын зорлады деп күдікке ілінген азаматтың тұратын үйі. Олардың көршілері бұл азаматтың  бұрын-соңды оғаш қылығын байқамаған. Бірақ аталған жағдайдан хабардар болған соң,  «айыпталушының көзіне қарудың өзі қорқынышты» деп отыр.

– Айналдырған үш үй. Бір-бірімен сөйлеспейді дейді. Түнімен ұйықтай алмадым. Масқара, – дейді Бөлек ауылының тұрғыны Ибрагим Қасымов.

Ал бәрін сот шешеді, полицияға тапсырдым деген күдіктінің бәйбішесі қыздарының қорлық көргеніне қатысты ештеңе айтпады.

– Аталған дерек Еңбекшіқазақ ауданы ПБ ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша екі қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылық фигурантының қатысуымен аса ауыр қылмыстар жасалған мән-жайды жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Ернар Сайдилдин

Күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы тәртібімен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ал әзірге туған әкесінен зорлық көрді деген қыздар полицияның қорғауында болады.

Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы