Тәуелсіздік – ұлттың ұлы құндылығы

16.12.2022 01:52

Биылдан бастап 16 желтоқсан мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіледі

all.aikyn.kz

Күні ертең қазақстандықтар ел Тәуелсіздігінің отыз бірінші жылын атап өтеді.  Отыз бір жыл бұррын Республиканың «Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңға қол қойылды, тағдырымыз тарих бетінде жаңаша таңбаланды, деп хабарлайды Almaty.tv 

Тәуелсіздік! Жаның мен жігеріңді, рухың мен болмысыңды бодандықтан құтқаратын ұлы сезімді 1991 жылы желтоқсанында қазақ жұрты ұғынды, сезінді, қабылдады. Одан бергі 32 жылда ел аумалы-төкпелі кезеңнен теңселмей, тік өтіп келеді. Қанмен, термен, еңбек-күшпен келген егемендік, көптің көз-жасы, көңіл мұңымен жеткен тәуелсіздік – ұлттың ең ұлы құндылығына айналды.

«Әлемдік бәсеке, әлемдік талас-тартыс, сын-қатер әлсіреп тұрған жоқ, қайта күшейіп жатыр. Қазақ соған дайын болса, қазақ соның үдесінен шықса, тәуелсіздігіміз шынында да мәңгілік болады. Ұлттық идеямыз «Мәңгілік Ел» деп жүрміз ғой, осы идеяның үдесінен шыққанда ғана өзіміздің перзенттік борышымызды, халық деген атымызды ақтай аламыз», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.

Дербестікке ұмтылған елдің негізгі қадамы – тәуелсіздік қарлығаштарының ерлігі. Бұл күн дегенде әуелгі айтылар сөз, еске алар оқиға – осы. Жастардың жігерімен жеткен жеңісті күн, желтоқсанның бел ортасы – халық үшін елеулі, мемлекет үшін айшықты дата боп тарихта қалды.

«Бізге 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніміз мерекенің мерекесі болуы керек. Ұлттық негізде, қазақтың арманын жинап, елге көрсететіндей өткізуіміз керек», – деді Мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов.  

Биылдан бастап 16 желтоқсан мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіледі. Бұл күн – ұлағатын ұмытпаған елдің өткеніне тағзым, қастерлі күн, қасиетті ұғым.

Мадина Оқас, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы