Енді маңызды құжат 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
Елімізде мемлекеттік қызмет пен ротацияның жаңа ережелері бекітілді. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Енді маңызды құжат 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Салада бұрын-соңды болмаған жаңашылдық туралы толығырақ баяндап беру үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің директоры Жандос Хасен Almaty.tv телеарнасына тікелей байланысқа шықты.
- Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерді ротациялау Президенттің жарлығымен реттелген. Осы жарлыққа сәйкес міндетті ротацияға біз, жергілікті деңгейде басқарма басшылары, орталық атқарушы органдардың жергілікті жердегі өкілдіктерінің директорлары жатады. Ротация ережелеріне сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің лауазымда болу мерзімі – 8 жыл. Яғни, 4 жылдан кейін бұл лауазымды иелеріне ұсыныс түседі. Одан кейін 2 жылдан кейін тағы бір ұсыныс түседі. Жалпы мүмкін болатын мерзім – 8 жыл. Бір лауазымда қызметші 8 жылдан артық отыра алмайды.
Бұл ретте, мемлекеттік қызметші ротацияға келіспеген жағдайда қандай шара қолданылады?
- Әлбетте, мемлекеттік қызметшінің келісімін алады. Егер де мемлекеттік қызметші одан бас тартатын болса, белгіленген мерзімге дейін ұзартуға болады. Бірақ 6-дан 8 жылға өткен кезде бұл қызметшілер лауазымды төмендетеді немесе босату керек болады. Дегенмен еңбек заңнамасына сәйкес әлеуметтік қорғалған топ өкілдері бар. Олар – жалғызбасты аналар, мүгедектігі бар адамдарды асырап отырғандар. Осындай топтағы адамдарды ротациялау тек өздерінің келісімімен ғана іске асады.