Еліміз бойынша биылғы көктемде 17 мың азаматты әскерге аттандыру жоспарланған. Оның ішінде алматылық – 800 сарбаз бар. Қазір қалада әскери мерзімге қабылдау жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар Қарулы Күштер қатарына, Ұлттық Ұлан сапына, Шекара және Мемлекеттік күзет қызметтеріне алынады. Әскерге аттанған азаматтардың үйіндегі коммуналдық төлемді мемлекет өтеп береді. Жыл басынан бері дәл осындай ақпарат әлеуметтік желіде желдей ескен еді. Сала мамандарының пікірінше, мұндай жағымды жаңалықтың ресми түрде қабылданатын күні де алыс емес екен. Қазір әділет министрлігінің қарауынан өтіп, мемлекеттік органдармен келіссөз жүріп жатқан көрінеді. Бұл – Қорғаныс министрлігінің жастарды әскерге көптеп тартуы үшін қабылдап жатқан шарасының бірі. ¤
«Түбегейлі реформалар жасау үшін, шынайы дайындалған әскер жасақтау маңызды. Қазір әлемдегі геосаяси мәселелердің ушыққанын ескеретін болсақ, біздің Қарулы күштердің мүмкіндігін арттыру, техникалық базаны жаңарту, тактикалық ұрыс жүргізу, әскерилердің цифрлық әлеуетін
арттыру мәселесі де өзекті болып отырған жайы бар», – деді ҚР Парламенті Мәжісінің Депутаты Ғазиз Құлахметов.
Жас сарбаздың әскерге аттанбас бұрын мамандығы, денсаулығы, дене бітімі мен арнайы дайындығы тексеріледі. Бұдан кейін жастар 11 дәрігердің тексеруінен өтеді. Пандемия басталғалы олардың қатарына инфекционист маман да қосылған
«Осыдан екі күн бұрын шақыру келді. Өзім жұмыс істеймін, энергетикпін. Өз еркіммен келдім, Қарағанды қаласына жол жүргелі тұрмыз», – деді әскерге шақырылушы Елнар Өсебаев.
«Намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Айдарбаев Отан алдындағы борышын екі жыл Ауғанстанда өтеген. Ал қазір Қазақстанда мерзімді әскери қызметшінінің уақыты бір жыл. Мұны аз дегендер де, көп дейтіндер де бар. Бірақ, майдан көрген ардагер бір жылдың ішінде көп нәрсені үйретуге болады дейді.
«Барған жылым 1984 жыл. 86-ға дейін. Ауған елінде Паңшы шатқалында болдым. Мото-атқыштар полкінде. Біреудің еліне әскер жіберіп те керегі жоқ. Біреудің тәуелсіздігіне тиісуге болмайды. Қазақстан жері үлкен ғой. Мына басында жаз болса ана басында борандатып тұрады. Біз де әскерлерімізді толық дайындап үлгереміз», – деді Алатау аудандық «Намыс» ауған соғысы ардагерлері мүгедектерінің қоғамдық бірлестік төрағасы Алмасбек Айдарбаев.
Алматы қаласы әскерге сарбаз жіберу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Жыл сайын басқарма басшылары межелеген мақсатты 100 пайыздан асырып орындайды екен.
«Бізде бұйрық бар, инструкция. Біз балаларды әскерге жібереміз, келгеннен кейін оларға тағы да талдау жасаймыз. Жіберіп жатқан балалар арасында келісімшартпен қалып жатқандар да бар. Бұл да армияға деген көзқарастың өзгергенін көрсетеді деп айта аламын», – деді Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Фархат Құрманғажинов.
2000 жылдың басында міндетті әскери қызметтен Франция, Испания араға тағы бірнеше жыл салып Еуропаның өзге де елдері бас тартқан еді. Бірақ бұл тым асығыс қабылданған шешім екенін біліп, 2015 жылы Литва мен Швеция әскерге шақыруды қайта бастады. Ал Дания мемлекетінің азаматтары әскерде тек төрт ай ғана болады екен. Эстонияда 11 ай. Тағы бір қызықты дерек, Норвегия мен Швецияда әскерге қыздар да қабылданады екен.
Туркияда міндетті әскери қызмет мерзімі бар болғаны 6 ай өтейді. Айта кеткен жөн, бұл елде әскерге 19 дан 40 жасқа дейін шақырылады. Содан болар, әлемдегі ең қуатты әскері бар үздік 10 мемлекеттің қатарына Түркия да кіреді.