Ол қаланың әсем табиғаты Қайыңды көлі мен Көлсай және Шарын шатқалы, Медеу, Шымбұлаққа баруды жоспарлап отыр
Велосипедпен әлемді шарлаған жиһанкез. Лоран Мае Франияның Ренн қаласынан 3 мамыр күні шығыпты. 4 ай бойы 15 елді жүріп өтіп, бүгін Алматыға жетіпті. Қалаға кіре берісте саяхатшыны алматылықтар қазақы дәстүрмен шашу шашып күтіп алды. Франция азаматының Қазақстанға келгендегі негізгі мақсаты да жоқ емес. Дәлірек айтсақ, оған саяси салмақты жауапкершілік жүктелген. Жиһанкезбен тілдесіп келген Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ баяндайды.
4 ай бойы жол жүріп келген саяхатшы түнгі мезгілде шатыр жасап табиғат аясына қонған. Велосипедпен саяхаттаудың өзіндік қиыншылықтары да барын жасырмады.
«Мен Алматыға алғаш рет келіп тұрмын. Бұл жерге велосипедпен келгеніме қуанбасам, өкінбеймін. Жолда бірнеше елдерге тоқтап, тарихымен, адамдарымен кеңінен таныстым. Одан бөлек, Қазақстанның жолдары қатты ұнады. Себебі, мықты деген Европа елдерінде де мұндай жол жоқ», – деді жиһанкез Лоран Мае.
Лоран Мае велоспортпен кәсіби түрде айналыспайды. Негізгі мамандығы экономист. Ұлы-Жібек жолы тарихын жастайынан оқып өскен және оны екі дөңгелекті велосипедпен жүріп өтуді армандаған. Араға осынша уақыт салып, арманына қол жеткізгеніне қуанышты.
Франция азаматын қала әкімдігі сән-салтанатпен қарсы алды. Дәстүр бойынша үстіне шапан жауып, апорт алмасын сыйға берді. Лоран Маеның Қазақстанға келгендегі негізгі мақсаты – Францияның сәлемдемесін Алматы басшылығына жеткізу. Ренн қаласының мэрі Натали Аппере қала әкіміне құттықтау хат жолдады.
«Сізге 7 жарым мың шақырым жол жүріп келген хатты ұсынуға ризамын. Ренн-Қазақстан арасындағы бауырмашылыққа биыл 30 жыл. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген айта кету керек», – деді жиһанкез Лоран мае.
Сонымен бірге, Француз азаматы алматылықтарды қала күнімен құттықтады.
Жиһанкез Қазақстанда 10 күн болады. Осы аралықта Алматының әсем табиғаты Қайыңды көлі мен Көлсай және Шарын шатқалы, Медеу, Шымбұлаққа баруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ел астанасы Нұр-Сұлтанға да баруға ниетті. Ал, Францияға ұшақпен қайтады.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы